Канадалық «Симекс» компаниясымен серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойылды

АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Елбасы экономиканың ауыл шаруашылық секторындағы мал шаруашылығын қарқынды дамыту және оның экспорттық әлеуетін арттыру үшін нақты міндеттер жүктеген болатын. Бұл мәселе табиғи жайылымдарды тиімді игеру,

төрт түлік малдың генетикалық әлеуетін күшейту, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, саланың материалдық-техникалық базасын нығайту және қажетті кадрларды даярлау шараларымен тікелей байланысты.

Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев ірі қара өндірісі бойынша әлемде жетекші орын алатын канадалық «Симекс» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Паул Лармермен кездесті. Кездесу барысында канадалық «Симекс» компаниясы, «Динара ранчо» ЖШС мен «Асыл Түлік» республикалық мал шаруашылығын асылдандыру орталығы арасындағы серіктестік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Кездесу шеңберінде етті мал шаруашылығындағы жануарлардың асыл тұқымды санатқа сәйкестігін бағалаудың индекстік жүйесін енгізу, өгіздердің бір жынысты ұрығын алудың, ұрық трансплантациясы мен жасанды ұрықтандырудың технологиялық құрылғысын орнату мәселелері талқыланды. Сонымен қатар канадалық тәжірибенің ұтымды тұстарын меңгеру мақсатында «Казагроинновция» АҚ білім беру орталықтарының негізінде кадрлар даярлау мәселесі қарастырылды.

« Қолдан ұрықтандыру технологиясын Қазақстанға енгізу мақсатында арнайы мамандарды даярлап, Алматы облысындағы «Динара ранчо» шаруашылығы негізінде генетикалық орталық құратын боламыз», - деді А.Күрішбаев.