Ол жарыста WSB рейтингінде үздік шыққан «Астана арландары» клубының мүшелері Қанат Әбутәліпов (54 кг) пен Ержан Мүсәпіров (61 кг) шаршы алаңға шықты. Қанат "Париж Юнайтед" командасының боксшысы француз Нордин Оубаалимен, Ержан қытайлық Жимин Вангпен бокстасты.
Қ. Әбутәліпов соңғы раундтардың бірінде қабағынан ауыр жарақат алғанымен жекпе-жекті соңына дейін өткізіп, французды 2:1 есебімен жеңді. Ал Е. Мүсәпіров қытайлыққа жол берді. Осылайша Қанат WSB нұсқасы бойынша чемпион атанып, жеңімпазға берілетін 20 мың АҚШ доллары мен Лондон олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.
Жалпы екі күнге созылатын бұл дүбірлі дода кезінде Бүкіләлемдік бокс сериясының рейтингінде үздік шыққан 10 былғары қолғап шебері өзара қолғап түйістіреді. Олар Лондон Олимпиадасында Бүкіләлемдік бокс сериясы жеңімпаздары ретінде өнер көрсетпек.
Кеше шаршы алаңда қазақстандықтармен қатар, 91 келіден жоғары салмақтағы итальяндық Клементе Руссо мен әзірбайжандық Магомедрасул Меджидов сайысқа түсті. Мұнда тәжірибесі мол Клементе Руссо басымырақ болды.
Бүгін бұл сайыс 73 пен 85 келі салмақтағы боксшылар арасында өтеді. Онда украиналық Сергей Деревианченко мен әзірбайжандық Солтан Мигитинов, алжирлік Абделхафид Беншабла (Abdelhafid BENCHABLA) мен франциялық Лудовик Грогухимен қолғап түйістіреді.
Еске сала кетейік, WSB сериясының клубтық жарысында «Астана арландары» ақтық сынға дейін жеткен болатын. Қазақстандық ұжым соңғы жекпе-жегінде «Париж юнайтед» командасынан жеңілді.