ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы тағайындалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Журналист-педагог Қанат Әуесбай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы болып тағайындалды. Бұл туралы ЖОО баспасөз қызметі мәлім етті.
Журналист-педагог Қанат Әуесбай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультеті деканы болып тағайындалды. Қ. Әуесбай - медиа сарапшы, филология ғылымдарының кандидаты (10.01.10 – журналистика). 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп, аспирантурасының күндізгі бөлімін тәмамдаған. 2010 жылы «Қазақ телеарналарындағы қазіргі ақпараттық бағдарламалар табиғаты» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Ұлыбританияда ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтті (University of East Anglia, Norwich). Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «экономика және бизнес бакалавры» мамандығы бойынша аяқтаған. «Turan-Astana» университетінде «құқық магистрі» академиялық дәрежесін алған.
Қ.Әуесбай журналистік кәсібін ғылыми-педагогикалық қызметпен ұштастырып келеді. Әл-Фараби ат. ҚазҰУ (2004-2009 жж.), Л.Гумилев ат. ЕҰУ (2011-2019 жж.), Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті (2019-2024 жж.) сияқты жоғары оқу орындарында оқытушы, аға оқытушы, доцент, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде жастар ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректорлық қызмет атқарды. Медиа саласын зерттеген көптеген ғылыми мақала авторы, оның ішінде Scopus ғылыми дерекнамасына енген мақалалары бар. Л.Гумилев ат. ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінде мемлекеттік аттестаттау комиссиясы (МАК) төрағасы, диссертациялық кеңес мүшесі, ақпарат саласындағы республикалық оқу-әдістемелік кеңес (ОӘК РОӘК) мүшесі болды. Оңтүстік Кореяда өткен Әлемдік Журналистер Конференциясында (World Journalists Conference) Қазақстан атынан делегат және баяндамашы болған.
БАҚ және үкіметтік емес ұйымдарда бай тәжірибесі бар: «31 арна», «Қазақстан», «Astana» сияқты республикалық арналарда тілші, редактор-сарапшы, тележүргізуші, шеф-редактор, Жалпыұлттық қозғалыстың медиа-директоры, Президент орталығы баспасөз қызметінің аға сарапшысы, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы директоры, «Elorda Aqparat» медиа-холдингінің директор орынбасары, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының астаналық филиалы төрағасы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының диджитал директоры болып қызмет етті.
Қ. Әуесбай ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Құрмет грамоталарымен, университет дамуына қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби атындағы Казақ Ұлттық университетіне 80 жыл» мерейтойлық медалімен, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты. Бас редакторлар Клубының мүшесі, «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының Кеңес мүшесі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі.