Қанат Байғарин: «Болашақтықтарды» жұмысқа орналастыруда түйіткілдер жоқ емес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында шетелден оқып келетін білікті жастарымызды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше ден қою керек. Бұл туралы бүгін сарапшылар бірлестігімен өткен ашық диалог барысында Назарбаев Университетінің Инновациялар бойынша вице-президенті Қанат Байғарин мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Айта кетсек, сарапшылардың аталған бас қосуында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан Репсубликасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық  даму жоспарын таныстырған болатын.

Министрдің айтуынша, аталған құжатта 7 реформаға басымдық берілетін болады. Құжаттың ең бірінші - «Жаңа адами капитал» атты реформасында «Экономикалық өсімді білім негізінде қалыптастыру» жоспарына басымдық берілген.

Стратегиялық құжаттың білім саласына қатысты тармағына Назарбаев Университетінің Инновациялар бойынша вице-президенті Қанат Байғарин ойын білдірді. 

«Қазіргі уақытта Назарбаев мектептерінің жүйесі ақырындап жалпы мектептерге енгізіліп жатыр. Назарбаев университеті де өзінің білім беру тәжірибесі мен тәртібін басқа жоғары оқу орындарына бөлісуде. Ағылшын тілінде сабақ беру жүйесі де өте маңызды элемент. Біз ғана емес, біздің көршілер де, басқа мемлекеттер де даму үстінде. Біз бұл үрдісті ескеруіміз керек», - дейді Қанат Байғарин.

Оның айтуынша, мемлекет құрылымындағы осынау маңызды салада мәселелер де жоқ емес.

«Мәселен, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендердің жұмысқа орналасуы бойынша мәселе жоқ деп айта алмаймыз. Біздің жастарымыз сөзсіз дарынды. Солай болғаннан кейін шетелдіктер білікті мамандарымызды бірден өзіне тартып алады. Сондықтан, Стратегиялық жоспарда біз жұмыс орнын құру бағытында жұмыс жүргізуіміз керек. Неліктен? Себебі, бұл бағытта жұмысты тоқтатып қойсақ, біз білікті жастардың орнын сипап қаламыз», - дейді Қанат Байғарин.