«Негізгі шешім жеке тұрғын үй секторы мен отын-энергетикалық кешендерде сапалы отынды тұтынуға байланысты. Яғни Астанада көмір жағуды доғару қажеттігі бар. Алайда осында газ тарту керек екені мәлім, сонымен қатар оның құны халыққа қолайлы болуы тиіс. Бұл жұмыстар бүгінде пысықталуда және бірінші вице-премьер деңгейінде талқыланып жатыр»,- деді министр Үкімет отырысынан кейін.
Осы орайда бұл мәселеге қатысты оңтайлы шешімдер қарастырылып жатқанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, сұйытылған табиғи газдың зауытын Ақтөбеде немесе Қостанайда салып, оны осында тасымалдау қажет болады. Алайда бұл қадам біршама қымбатқа түседі.
«Егер де жобаланған құбырдың техникалық-экономикалық негіздемесін қарасақ, газды құбырмен жеткізу жылу беру құнын айтарлықтай қымбаттатуы мүмкін. Сондықтан да қазіргі кезде бұл процесті арзандатудың жолдары қаралуда. Көмір арзан отын екені түсінікті, сонымен қатар оны тасымалдайтын аралық қашық емес, ал газды жеткізу алыстау. Бірақ та әрдайым денсаулық пен экологияға таңдау жасау керектігі түсінікті», -деді Бозымбаев.
Бұдан бөлек, министр қалада қою түтіннің таралуына көмір сапасының қатысы жоқ екенін атап өтті.