Қанат Ислам ел чемпионатындағы үздік салмақтарды атады

АСТАНА. KAZINFORM – Таразда өткен бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты жас боксшылардың әлеуетін бағамдап, ұлттық құраманың алдағы міндеттерін саралауға мүмкіндік берді. Ел біріншілігінің финалдық жекпе-жектерін тамашалаған белгілі былғары қолғап шебері Қанат Ислам бірқатар спортшының өнеріне жоғары баға бергенімен, кейбір салмақ дәрежелеріндегі олқылықтарға да назар аударды.

Фото: Қанат Исламның жеке мұрағатынан

Informsports.kz тілшісіне берген сұхбатында ол чемпионаттың деңгейі, жас таланттардың мүмкіндігі, ұлттық құраманың алдағы жұмысы және отандық мектептің дамуына қосатын үлесі туралы пікір білдірді.

– Қанат, Қазақстан чемпионатының финалдық жекпе-жектерін тамашаладыңыз. Жалпы жарыс деңгейі көңіліңізден шықты ма? Алған әсеріңіз туралы айтып беріңізші...

– Мен чемпионатты алғашқы күнінен бастап онлайн, теледидар арқылы бақыладым. Жаңа жас тұлғалар, тың есімдер көрініп жатқаны қуантады. Соңғы жарыс күнінде 60 келіде Жетісу облысының өкілі өнер көрсетті. Оның жекпе-жегі маған ерекше ұнады. Бұған дейінгі кездесулерін де көрген едім.

– Қай салмақ дәрежелеріндегі боксшылардың әлеуетін жоғары бағаладыңыз? Ал қай бағытта жұмыс істеу қажет деп санайсыз?

– 70 және 75 келідегі жігіттердің деңгейі әлемдік аренадағы боксшылардан еш кем емес деп ойлаймын. Ендігі міндет – олардың шеберлігін одан әрі шыңдау. Өйткені Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарындағы бәсеке жыл өткен сайын күшейіп келеді.

Бұл чемпионатта таңғаларлық кездесулер болды. Дегенмен кейбір салмақ дәрежелерінде көңіл көншітерлік бокс көрмедім. Әсіресе ауыр салмақта айтарлықтай жұмыс істеу керек. Өзім де сол салмаққа шықсам, кейбір жігіттермен жұдырықтасқым келіп кетеді. Қазір жасөспірімдер мен жастар арасында жақсы өсіп келе жатқан боксшылар бар. Соларды дер кезінде байқап, жүйелі түрде дайындап, үлкен спортқа бейімдеу қажет деген ой түйдім.

– Жақында өткен Азия ойындарының нәтижесіне қатысты пікіріңіз қандай? Ұлттық құраманың әлеуетін ескере отырып, қандай мәселелерге басымдық берген жөн?

– Азия ойындарындағы нәтижеге де бірден мәз болып, бөркімізді аспанға атып қуанатындай жағдайда емеспіз деп ойлаймын. Біз өзімізге әрдайым сын көзбен қарауымыз керек. Кемшіліктер бар, оларды жасырмай, ашық мойындап, түзетуге күш салған жөн.

– Алдағы уақытта ұлттық құрама жұмысына араласып, өз тәжірибеңізбен бөлісуге ниетті екеніңізді айттыңыз. Бұл бағыттағы нақты жоспарыңыз қандай?

– Қазір ұлттық құрамаға келіп, жаттықтырушылармен, жеке бапкерлерімен өз ойымды бөлісіп, кәсіпқой бокста жинаған азды-көпті тәжірибемді ортаға салғым келеді. Басты мақсатымыз – ел чемпиондарының деңгейін көтеріп, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Осы бағытта барлығымыз бірлесіп жұмыс атқарамыз деген ойдамын.

– Әуесқой және кәсіпқой бокс арасындағы байланысты нығайту қаншалықты маңызды? Бұл ретте федерацияның қолдауын қалай бағалайсыз?

– Жігіттерге тек сәттілік тілеймін! Әрдайым қолдап, қастарынан табылуға дайынбыз. Федерация басшылығы әуесқой бокспен қатар, кәсіпқой боксқа да көмектесіп жатыр. Ол кісілерге алғысымды білдіремін.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой. Сондықтан ауызбіршілікте болып, бір-бірімізге қолдау көрсетейік. Абай атамыз айтқандай: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Әрдайым осы ұстанымды берік ұстайық.

– Әңгімеңізге рақмет!