Бұл туралы Қанат Исламның PR менеджері Берік Сұлтан Фейсбуктегі парақшасында жариялап, видео жүктеді.
Видеода Қанат мүгедек балаға былғары қолғап сыйлап, алдағы өтетін жарысына кіруге билет беріп жатқанын көруге болады. Сондай-ақ, балаларға бокстың қыр-сырын үйретіп, ринг сыртында да жеңіске жетудің жолдарын түсіндіріп жатыр.
Ал Берік Сұлтан болған оқиға туралы былай жазды.
«Біздің мақсат - тек рингтегі қарсыласты жеңу емес, біздің мақсат - қиын жағдайға ұшыраған жандардың қайғысын жеңуге де көмектесу. Жүздеріне күлкі сыйлап, өмір сүруге құлшындыру! Бұл - адамдық борышымыз. Бұл -QAZAQ командасының мақсаты. Жақында ғана менің уатсабыма белгісіз нөмірден қатарынан бірнеше видео келіп түсті. Ашып қарасам ДЦП мен ауратын баланың видеосы. Анықтап тыңдасам Қанат Исламға сәлем жолдап, «сіздің жекпе-жектеріңізді үзбей көремін, сіз сияқты болғым келеді» дейді. Қолында қолғабы бар. Жүрегім елжіреп кетті. Әрең қимылдап, жаттығу жасап жатыр. Видеоны бірден Қанат ағаға көрсеттім. Ол: «Кеттік, Берік», -деді».
Айта кетерлігі, Амир «BI Жұлдызай» оңалдыру орталығында емделеді.