Қанат Ислам жекпе-жекке дайындықты Филадельфияда жалғастыруда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қанат Ислам алдағы жекпе-жегіне дайындық жұмыстарын жалғастыру үшін Филадельфияға барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Исламның ақпараттық көмекшісі Берік Сұлтан Фейсбуктегі парақшасында жазды.

«Филадельфияда қазір қыс. Жекпе-жекке дейін ауа райына үйрену үшін және дайындықты күшейту үшін Қанат Ислам Филадельфияға келді. Мұнда бірінші жаттығу жұмыстарын өткізіп те үлгерді. Салмақ та, көңіл күй де жақсы! «Қазақстан» ұлттық арнасы мен «KAZSport» арналарынан 18 ақпан, таңғы сағат 08:00-де тікелей эфирде жүздесеміз! Жақсы пікірлеріңіз бен тілектеріңізді оқып, қуанып отырамыз! Ерім дейтін ел барда, елім дейтін ерлер көбейеді. Жеңісті күнде жолығайық», - деп жазылған жеке парақшада.

Алдағы өтетін кездесуіне отандасымыз бұған дейін Майами қаласында дайындалып жүрген еді.

Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпан күні 32 жастағы қазақстандық боксшы Қанат Ислам (22-0-0, 18 КО) бразилиялық боксшы Робсон Ассипен (16-3-0, 9 КО) жұдырықтасады.