Қанат Ислам жеңімпаз ретіндегі алғашқы сәлемін жолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Флорида штатындағы Лейкленд қаласында өткен кәсіпқой бокстан WBA Fedelatin және WBA FideCaribe нұсқалары бойынша Әлем чемпионы Қанат Ислам 21 кездесуінде Хуан де Анхельді техникалық нокаутпен ұтты.

Колумбиялық кәсіпқой боксшы Хуан де Анхельді алтыншы раундта тізе бүктірген Қанат Ислам шаршы алаңға қазақ тақиясын киіп, Көк Туымызды жамыла желбіретіп шықты. Сонымен қатар, Қанат Ислам Жеңіс күніндегі бұл жеңісін барша Қазақ еліне арнайтынын да жеткізіп қалды. «Ассалаумағалейкум Қазақ елі! Өте қуаныштымын! Бауыржан аға, Сізге рахмет! Қазақ елі тыныш болсын! Рахмет!» деді Қанат Ислам. Еске салайық, шаршы алаңдағы бұл жекпе-жек Қазақстан ұлттық арнасында тікелей эфирде көрсетілген болатын.

«Қазақ» лақап атымен әлемдік кәсіпқой бокста таныла бастаған Қанат Ислам кезекті жеңісі арқылы өзінің мәртебесін арттырып келеді. Жерлесіміз әуесқой бокста жанкүйерлер көңілінен шығып, кәсіпқой бокста да өзінің жойқын соққы иегері екенін көрсетіп, керемет накауттарымен танылып отыр.

Қанат Исламның бұл шаршы алаңдағы 21-і кездесуі болатын. Ол бұған дейінгі жиырма кездесуінің барлығында жеңіске жетіп, оның 17-ісінде қарсыластарын нокаутпен сұлатқан еді. Енді нокауттер саны 18-ге жетіп отыр, соның ішінде жерлесіміз қатарынан алты кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады.

Бүгінгі шаршы алаңда колумбиялық жас боксшы да қазақстандық былғары қолғап шеберінің шын мықты екенін мойындап, оның күрзі соққысына шыдас бере алмады.