Қанат Исламның келесі жекпе-жегі қашан өтеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Қанат Ислам (27-0, 21 КО) өзінің жаттығуға кіріскенін және келесі жекпе-жектің өтетін уақытын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Достар! Жаттығу процесі басталды! Келесі жылдың наурыз айында бізді үлкен жекпе-жек күтіп тұр! Жаңалықтарды қадағалаңыз», — деп жазды Қанат Ислам Instagram парақшасында жағада жаттығып жүрген видеосын жариялап.

Еске сала кетейік, боксшы осы жылдағы соңғы жекпе-жегін 26 қазанда өткізген болатын. Алматыда басты бокс кешінде қазақстандық спортшы бірауыздан судьялардың шешімімен Намибиядан келген боксшы Уолтер Каутондокваны (18-2, 17 KO) — 97-92, 97-92, 99-92 есебімен ұтты. Осылайша ол бірінші орта салмақта International WBO титулын сақтап қалды.

Нәтиже көптеген даудың тууына себеп болды, ал Каутондоква тарапы Дүниежүзілік бокс ұйымынан (WBO) өтемақы талап етуге шешім қабылдады.