Қанат Саудабаевтың Вашингтонға сапары американдық дипломатия ардагерлерімен кездесуден басталды

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың 24 қаңтардағы Вашингтондағы сапары американдық дипломатияның ардагерлері К.Пауэлл, Б.Скоукрофт және З.Бжезинский секілді халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылармен кездесуден басталды,

деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы К.Пауэллмен кездесу барысында қазақстан-американдық стратегиялық әріптестіктің даму болашағы жөнінде тыңғылықты пікір алмасулар орын алды. К.Пауэллдың тұжырымдауынша, саяси, экономикалық салалардағы және қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейіндегі өзара әрекеттестіктің берік іргетасына негізделген аталмыш қарым-қатынастарды одан әрі жан-жақты дамыту қажет. Қазақстандық сыртқы саяси ведомствоның басшысы әңгімелесуші тарапты Қазақстанның ЕҚЫҰ-ғы төрағалығының қорытындыларымен және Ұйымның астаналық Саммитінің шешімдерімен таныстырды. К.Пауэлл Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығын тойлауға қатысқандығын ерекше ықыласпен еске алып, елдің 20 жылдық мерейтойында Қазақстан халқы мен оның Президенті Н.Назарбаевқа өзінің ең ыстық тілектерін білдірді.

Энергетика министрлігінің жанындағы АҚШ-тың Ядролық болашағы жөніндегі комиссияның қазіргі жетекшісі Б.Скоукрофтпен болған сұхбат барысында ядролық қаруды таратпау режимдерінің бүгіні мен болашағы, сондай-ақ әлемдегі ядролық энергетиканың даму мәселелері талқыланды. Американдық эксперт Қазақстанның МАГАТЭ бақылауымен Ядролық отынның халықаралық банкін өз аумағында орналастыру жөніндегі шешіміне аса жоғары баға берді, бұл өз кезегінде ғаламдағы ядролық энергетиканың қауіпсіз және бейбіт дамуының маңызды факторына айналмақ.

Аймақтық қаупісіздік пен ЕҚЫҰ, ШЫҰ және ИКҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардағы Қазақстанның төрағалығы З.Бжезинскиймен болған пікір алмасудың негізгі тақырыптарына айналды. Қазақстандық сыртқы саяси ведомствоның басшысы әңгімелесуші жақты Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының қорытындыларымен, сонымен қатар 2010 жылдағы Ұйым жауапкершілігі кеңістігіндегі неғұрлым өзекті мәселелерді шешуге бағытталған екі елдің үкіметтерінің біріккен іс- әрекеттерімен егжей-тегжейлі таныстырды.

«ЕҚЫҰ-ға жемісті төрағалық елдің халықаралық аренадағы беделін асырып және сыртқы саяси позицияларын нығайтып қана қоймай, тарихи мұрасы баға жетпес Н.Назарбаевтың қазіргі замандағы дана саяси қайраткер ретіндегі маңызды рөлін бекітті» , - деп атап өтті З.Бжезинский кездесу соңында.