Қанат Сүлейменов Шымкенттің жемқорлықпен күрес департаментінің басшысы қызметінен кетті

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Сүлейменов басқа жұмысқа ауысатынын мәлімдеді.

Фото: Қанат Сүлейменовтің Facebook парақшасынан

Бұл туралы генерал-майор Қанат Сүлейменов Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

— Бүгін осы жазбаны жариялап, өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен жұмыс үшін шын жүректен алғысымды айтқым келеді. Президенттің Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҰҚК құрамына енгенін білесіздер, осыған байланысты басқа жұмысқа ауысамын. Шымкент қаласына – гүлденуді, ал қала тұрғындарына амандық пен өркендеуді тілеймін, — деп атап өтті Қанат Сүлейменов.

Қанат Сүлейменов Шымкенттегі жемқорлықпен күрес департаментін 2024 жылдың қыркүйегінен бері басқарып келді.

Айта кетейік, бұдан бұрын ҰҚК Шымкенттің тұрғын үй басқармасының басшысын ұстағанын растағанын жазған болатынбыз.