«Қандас» мәртебесін қалай үйден шықпай-ақ алуға болады

АСТАНА. KAZINFORM — Көші-қон саласындағы бірқатар қызметті migration.enbek.kz көші-қон процестері порталы арқылы онлайн алуға болады. Портал Қазақстан азаматтары, этникалық қазақтар, шетел азаматтары, жұмыс берушілер мен инвесторларға арналған қызметтерді бір платформада ұсынады.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Бұл жерде «қандас» мәртебесін алу, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу, еңбек иммигранттарына жұмыс істеуге рұқсат рәсімдеу, шетелдік жұмыс күшін тарту және тағы басқа да қызметтер қолжетімді.

Порталдың басты артықшылығы барлық негізгі рәсімдерді онлайн орындауға болады: тіркеліп, жеке деректерді толтыруға, өтініш беруге және оның мәртебесін жеке кабинеттен бақылауға мүмкіндік бар.

Тіркелу — қызмет алудың алғашқы қадамы

Әуелі migration.enbek.kz сайтына кіріп, «Кіру» батырмасында «Тіркелу» қажет.

Ол үшін электрондық поштасын және құпиясөзін енгізіп, пайдаланушы келісімінің шарттарын қабылдау және есептік жазба ашу керек. Одан кейін көрсетілген электрондық поштаға тіркелуді растау туралы хат келеді.

Порталда пайдаланушылардың бірнеше санаты қарастырылған. Сондықтан қолжетімді қызметтер мен қажетті мәліметтер пайдаланушы таңдаған санатқа байланысты болады.

Жеке кабинет: қажетті ақпараттардың барлығы бір жерде

Порталға кіргеннен кейін пайдаланушы жеке кабинетке өтеді. Қызмет алмас бұрын «Жеке деректер» бөлімін толтыру қажет.

Егер шетел азаматының ЖСН-і болса, ол туралы кейбір мәлімет мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынуы мүмкін. Қалған қажетті деректерді пайдаланушы өзі енгізеді. Мәліметтерді сақтамас бұрын олардың дұрыстығын мұқият тексеру керек.

Жеке мәліметтерді енгізген соң, пайдаланушы өзіне қажетті қызметті таңдап, электрондық өтініш формасын толтырып, оны қарауға жолдай алады.

Жеке кабинетте өтініштің мәртебесін бақылап, тиісті хабарламаларды алуға болады. Бұл қызметтің қалай көрсетіліп жатқанын қосымша сұрау салмай-ақ қадағалауға мүмкіндік береді.

Өтініш жібермес бұрын деректер мен құжаттарды тексеріңіз

Өтінішті жіберер алдында енгізілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру маңызды.

Жеке мәліметтердің сәйкестігіне, міндетті бөлімдердің толықтығына және қажетті құжаттардың енгізілгеніне көз жеткізу керек.

Жүйе міндетті ұяшықтың толтырылуын да тексереді. Қажетті мәліметтер толық енгізілмеген жағдайда, пайдаланушыға ескерту көрсетіліп, деректерді толықтырмай тұрып сақтауға мүмкіндік берілмейді.

Әр қызметтің талаптары мен қажетті құжаттар тізімі әртүрлі. Сондықтан өтініш бермес бұрын таңдалған қызметтің сипаттамасы мен оны алу шарттарымен танысу ұсынылады.

Хабарламаларды тексеріп отырыңыз

Өтініш жіберілген соң оның қаралу кезеңдеріне қатысты ақпарат жеке кабинетте қолжетімді болады. Сондықтан пайдаланушы өтініш мәртебесін үнемі қадағалап, жүйедегі хабарламалармен танысып отыруы қажет. Бұл рәсімдеу барысындағы өзгерістерді дер кезінде біліп, қажет болған жағдайда қосымша әрекеттерді орындауға көмектеседі.

Сонымен қатар порталда қолжетімді қызметтер туралы, көші-қон және жұмысқа орналасу саласындағы ресми дереккөздерден алынған ақпараттар жарияланып отырады.

Migration.enbek.kz — көші-қон саласындағы қызметтерді алуға арналған бірыңғай цифрлық портал. Оның көмегімен тіркелу және жеке деректерді толтырудан бастап, өтініш беріп, нәтижесін бақылауға дейінгі негізгі кезеңдерден онлайн өтуге болады.