Қандасымыз шаңғы жарысынан Қытай чемпионы атанды — шетелдегі қазақ баспасөзі

Фото: Фото: mp.weixin.qq.com

«Kazinform» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ташкентте Қазақ ұлттық мәдени орталығы балалар шығармашылық байқауын өткізді — «ӨзА»

Фото: uza.uz

Ташкент қаласындағы «Теміржолшылар» мәдениет сарайында Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының ұйымдастыруымен балалар шығармашылық байқауы өтті, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

— Өзбекстан — ғасырлар бойы сан алуан ұлт пен ұлыстың, әртүрлі дін өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан бауырмал ел. Соңғы жылдары Президент Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен ұлтаралық достық пен конфессияаралық келісімді нығайту, қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтау ісіне айрықша мән берілуде, — деп жазады «ӨзА».

Өзбекстандық басылымның дерегінше, осы бағыттағы игі қадамдардың қатарында ұлттық мәдени орталықтардың қызметін қолдау, оларды жан-жақты дамыту және материалдық әрі рухани тұрғыда ынталандыру бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді.

«ӨзА»-ның келтірген мәліметіне сүйенсек, мұндай шаралар достық пен бауырмалдықты нығайтып қана қоймай, жас буынның бойында өнерге деген сүйіспеншілік пен рухани құндылықтарды дамыта түседі.

Сондай-ақ, осы аптада «ӨзА»-да «Өзбек ақыны халықаралық «Алаш» сыйлығымен марапатталды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Фото: uza.uz

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Өзбекстанның халық ақыны, көрнекті қаламгер Усмон Азим Қазақстанның әдебиет саласындағы халықаралық «Алаш» сыйлығымен марапатталды.

Аталмыш марапат Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына арналған салтанатты шарада табысталған.

Айта кетейік, ақын Усмон Азимнің өлеңдері ағылшын, француз, неміс, поляк, македон, түрік, грузин, эстон, литва, тәжік, қазақ, қырғыз және басқа да көптеген шет тілдеріне аударылған. Сондай-ақ, оның көптеген өлеңдері әуезді әндерге айналған.

Усмон Азим — үш мыңға жуық поэзиялық шығарманың авторы.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғалымы Иран президенті қолынан сыйлық алды — «ParsToday»

Фото: parstoday.ir

17 желтоқсанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті ирантану бөлімінің аға оқытушысы, ф.ғ.к. Ғалия Әмзеқызы Қамбарбекова Иран Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкианның қолынан халықаралық Фараби (FIA) сыйлығын алды, деп хабарлайды «ParsToday».

Иран Ислам Республикасы Ғылым, зерттеу және технологиялар Министрлігінің жыл сайын берілетін Ислам гуманитарлық ғылымдарының дамуына бағытталған Фараби Халықаралық сыйлығы байқауының осы жылғы 3 жүлдегері АҚШ, Түркия және Қазақстан ғалымдары болды.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, сыйлықтың мақсаттары теориялық және қолданбалы салаларда нақтыланған, сыйлық ұйымдастырушылық тұрғыдан гуманитарлық ғылымдар саласында жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу және білім беру ұйымдарының барынша қолдауын алуға мүмкіндік беретіндей етіп айқындалған.

Иранның ғылым саласындағы екі халықаралық сыйлығы бар. Гуманитарлық ғылымдар саласындағы Фараби халықаралық сыйлығы және жаратылыстану ғылымдары саласындағы Хорезми халықаралық сыйлығы. Хорезми халықаралық сыйлығын Қазақстаннан осыған дейін математик Асқар Жұмаділдаев алған.

Самғар Серікұлы шаңғы жарысынан Қытай чемпионатында алтын медальді жеңіп алды — CNR

Фото: mp.weixin.qq.com/

15 желтоқсанда 2024-2025 жылдарға арналған Қытайдың шаңғы жарысы ұлттық чемпионатының ересектер тобының ерлер арасындағы жекелей қысқа қашықтықтағы (классикалық стиль) жарысында Шыңжаң шаңғы командасының спортшысы Самғар Серікұлы алтын медальді жеңіп алды.

Бұл туралы Қытайдың «Орталық халық радиосы» жазды.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, 2005 жылы туған Самғар Серікұлы жастайынан шаңғы спортына жақын болған. 2017 жылы оның мұз бен қардағы спорттық талантын шаңғы спортының жергілікті жаттықтырушысы Ма Джун байқайды. Содан бері ол кәсіби шаңғы спорты жолына түсе бастаған. Үш жылдық жаттығудан кейін ол тағы екі Алтайлық жерлестерімен бірге Шыңжаң шаңғы командасына қабылданады.

Кейінгі жылдары Самғар Серікұлы өзінің тынымсыз күш-жігерімен және ерекше талантымен отандық шаңғы жарысында ел көзіне түседі. 2020 жылы Самғар Серікұлы шаңғы жарысынан 16 жасқа дейінгі жастар арасындағы ұлттық чемпионатта бірінші орынды жеңіп алды. Ал, 2024 жылы С. Серікұлы 14-ші Ұлттық қысқы ойындарда ерлер арасындағы қысқа қашықтыққа шаңғымен жүгіруден жастар тобында алтын медаль жеңіп алған болатын.

Қазақстан Тәуелсіздігі Түркияның екі қаласында тойланды — TRT

Фото: www.trt.net.tr

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 33 жылдығы Түркияның Күтахияда қаласында үлкен шаттықпен тойланды.

Күтахия Думлупынар университетінде білім алатын қазақстандық студенттер қауымы ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» мерекелік бағдарламасы өтті.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Бағдарламада осы университетте білім алатын Қазақстан студенттері қоғамдастығының басшысы доцент Ердал Адай сөз сөйлеген.

— Түрік Мемлекеттері Ұйымы қабылдаған ортақ шешімдермен түрік әлемі арасындағы бірліктің нығая түскенін көргенімізге қуаныштымыз. Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған Түркия. Екі ел арасындағы достық нығайта түсуде, — деді Адай.

Аталған шарада Думлупынар Университетінің ректоры профессор Сүлеймен Қызылтопракта сөз сөйлеген.

Мерекелік бағдарлама Думлупынар университетінде оқитын қазақстандық студенттердің музыкалық концертімен жалғасын тапты. Іс-шара барысында жақында әлемдік мұра тізіміне енген «Беташар» сахналанды.

Сонымен қатар, Қазақстанның Тәуелсіздік күні Түркияның Самсун қаласында да атап өтілді.

«19 мамыр» университетінде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды, деп хабарлайды «TRT». 

Фото: www.trt.net.tr

Университет жанындағы Түрік тілін оқыту орталығының (TÖMER) директоры Серкан Шен Ататүрік Конгресс және Мәдениет орталығындағы бағдарламада Қазақстанның орны ерекше екенін айтқан.

Шетелдік студенттердің координаторы Олжай Байрактар ​​өткен жылмен салыстырғанда іс-шараның биыл ауқымды өткенін айтты.

— Университетімізде 120-ға жуық елден студент бар. Әр елдің іс-шарасы бүгінгі іс-шара сияқты қызықты, нәтижелі өтеді, — деді ол.

Баяндамалардан кейін қазақ әндері шырқалып, би биленіп, түрлі іс-шаралар өткізілген.

Бағдарламаға Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің хатшысы Ардақжан Асхатқызы Бекенова, Самсун шетелдік студенттер қауымдастығының президенті Хакан Карадуман және студенттер қатысты.

Сондай-ақ, «TRT»-да «Табылды әндері Анкарада шырқалды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Фото: www.trt.net.tr

Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы ТҮРКСОЙ мен Табылды Досымов Республикалық қорының ұйымдастыруымен Анкара кескіндеме және мүсін мұражайының «Түрік Оджаклары» сахнасында «Сәйгүлік» атты ән кеші өтті. Қазақтың тұңғыш бард ақынының 60 жылдық мерейтойына арналған іс-шараға Табылды қорының басшысы Бижан Қалмағанбетов, Ғ. Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Бас редакторы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Бәйсеңгір, «Qazaqstan» ҰТА өндірістік орталықтың дыбыс режиссері, Табылдының ұлы Абыл Аяш, ҚР Ұлттық ұлан оркестрінің солисі, Республикалық ән байқаулардың лауреаты Асхат Әмірғали, «Qazaqstan» ҰТА таңғы-ақпараттық бағдарламалар дирекциясының продюсері, журналист Тәуірбек Бозекенов қатысты.

Кеш соңында өнерпаздар ТҮРКСОЙ алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, кеште Табылды Досымовтың сурет көрмесі көрерменге ұсынылды.

Шаньдуннан Қазақстанға алғашқы TIR халықаралық көлік желісі ашылды — «Халық газеті»

Фото: kaz.people.cn

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы демонстрациялық аймағының TIR халықаралық автомобиль көлігін құрастыру орталығынан мұздатылған жемістерге толы TIR көлігі жолға шықты. Бұл Шаньдун өлкесінен Қазақстанға алғашқы TIR халықаралық автомобиль көлігі маршрутының ресми ашылуын білдіреді, деп жазады қытайлық «Халық газеті» басылымы.

Аталған басылымның мәліметінше, көлік Шыңжаңдағы Бақты кеден бекеті арқылы елден шығып, шамамен 6500 шақырым жолды басып, Қазақстанның Астана қаласына жетеді. Бұл бағыт Шаньдунның жоғары сапалы мұздатылған жемістерін Орталық Азияға, тіпті Еуропа елдеріне дейін тез жеткізеді.