«Қандастар көшін еңбек квоталары мен бейімдеу орталықтары арқылы реттеу саясаты халықаралық заңнама мен Адам құқықтарының талаптарына қаншалықты сай келеді?», - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін БАҚ өкілдері Ілияс Испановқа осындай сауал қойды.
«Отандастар» қорында бұл мәселе талқыланған кезде жобаның бастапқы нұсқасы қаралған. Ол жерде «қандастардың белгілі бір өңірлерге көшіп келуіне болмайды» деген шектеу болды. Бұл шектеу қазір алынып тасталды. Тек қандасқа берілетін квотадан қағылады», - деп түсіндірді комитет басшысы.
Оның айтуына қарағанда, қандастардың мамандығы мен білімі қоныс аудару және бейімделу шығындарын көтермелеу мәселесінде ғана ескеріледі. Ал азаматтық алу мәселесінде ешқандай шектеу жоқ.
«Егер жұмыс орнының тапшылығы бар өңірлерге барса, квота беріледі. Ал оңтүстік өңірлерге баратын болса, көшпей тұрып бейімдеу мәселесін толық шешуі керек. Сонда ғана қоныс аудара алады. Қазір практикада мынандай жайттар көп. Өз бетімен бір жерге барады, тұратын жері жоқ – қайтадан әкімшілікке келеді. Қайтадан өтініш айтады. Сондықтан елге келіп алып қиналмау үшін, бірінші, бейімдеу орталықтары арқылы осы мәселелердің бәрін шешіп алуы керек болады. Ал азаматтық алу мәселесі бойынша қай өңірді таңдаса да ешбір кедергі болмайды», - деді Ілияс Испанов.