Қандастар ұлттық спорт ойындарын тамашалады
Астанада өтетін «Отандастар» форумына келген қандастар ұлттық спорт ойындарын тамашалады, деп хабарлайды Kazinform.
Ертең басталатын форумға шетелдегі 200-ге жуық қазақ ұйымдарының басшысы, белсенді және танымал тұлғалар, отандық ғылым, білім, мәдениет, спорт, бизнес, медиа, саясат, қоғамдық ұйымдар және басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері келген болатын.
Осыған орай, бүгін форумның Бас серіктесі «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры және Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырып жатқан мәдени бағдарлама аясында шетелден келген қандастар ұлттық құндылықтарымызбен танысты. Атап айтқанда, Ұлттық спорт қауымдастығы мен Салалық спорт федерацияларының мамандары құсбегілік, қолөнер шеберлігі, ұлттық ойындарымыздан тоғызқұмалақ, асық ату, садақ ату, қыз қуу, аударыспақ және көкпар тартудан қойылым көрсетті.
«Әр қазақ менің жалғызым» деген ұранмен шеттегі қазақтың бәрін шақырғымыз келеді. Сіздер сол шетелдегі қазақ үшін еңбек етіп жүрген тұлғаларсыздар. Әрқайсыларыңыз өздеріңіздің салаларыңыз бойынша жетістікке жетіп, қазақтың атын шығарып жүрсіздер. Тұрып жатқан елдеріңіз бен Қазақстан арасында алтын көпір болып отырсыздар. Сондықтан сіздерді арнайы шақырдық. «Отандастар» форумы Астанада осымен екінші рет өтекелі тұр. Бұдан бұрын 2019 жылы болған. Биылғы форумның алдынғы форумнан ерекшелігі – келген қандастарымыздың санында. Бұған дейінгі форумға 100 делегат келсе, биылғысына 40 елден 200 делегат келді, - деді «Отандастар Қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы.
Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру, шетелдегі қазақтарды қолдауда еліміздің жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.
«Бүгін дүние жүзінен келген қандастарымызды ұлттық аспаптарымызбен және спорт түрлерімен таныстырып жатырмыз. Ұлттық спортымызды көрсін, қазақтың салт-дәстүрімен таныссын деген ниет. Бұл ойындарда қазақтың тарихы, намысы, рухы бар. Алла бұйырса 2024 жылы Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Ол біз үшін мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында ұлттық спортымыз жақсы дамып келеді. Келесі жылы көшпенділер ойынына 100 мемлекеттен 3 мыңнан астам спортшы, турист келеді деп күтілуде. Біз осы қандастарымызды да шақырамыз. Олар арқылы басқа да туристерді тартып, өзіміздің ұлттық спорт түрлерін әлемге таныстырғымыз келеді, - деді Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев.
Форум аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» тақырыптары бойынша сессиялар және «Отандастар Қоры» КеАҚ жаңа жобаларының тұсаукесері мен «Тайқазан» форумның қорытынды сессиясында өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін шетелдегі 200 қазақ ұйымының жетекшісі елімізде бас қосқанын жазған болатынбыз.