Қандастардың атажұртқа оралуына қатысты ғылыми еңбек жарыққа шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шет елдердегі қандастарымыздың атажұртқа қоныс аударуына қатысты ғылыми еңбек жарыққа шықты.

Ертең Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының ұйымдастырумен Алматыда «Қазақ диаспорасы жəне Атамекенге оралу (1991-2012)» атты ұжымдық ғылыми монографияның тұсаукесері өтеді. Ғылыми еңбек  «Самұрық-Қазына» Акционерлік қоғамының қолдауымен шығуда.

Мазмұны мен көлемі жағынан ауқымды - 10 тарау, қатты мұқабадағы 37 баспа беттен тұратын - бұл монография қазақ диаспорасы, көші-қон саясаты, демография және диаспорология тарихының мәселелеріне қызығушылық танытқан көпшілікке жалпылай арналады. Кітап географиялық, пәндік және атаулы көрсеткіштермен, қысқарған сөздер тізімімен,сондай-ақ түрлі-түсті суреттермен жабдықталған.

Қазақтардың атамекенге оралуы елдегі қазақ санының санының және өсімінің артуына ықпал етті. Атажұртқа қайта оралған қазақтар республиканың қазақ тұрғындарының 10% құрайды.

Қазақ диаспорасы дамуының тарихи тәжірибесі мен олардың тарихи отандарына қоныс аударуы қазақстандық қоғамның мемлекеттің жаңаша даму құрылысы кезеңіндегі әлеуметтік маңызды басымдықтарының құрамдас бөлігі болып табылады. Әлемнің 43 елінде тұрып жатқан шетелдегі этникалық қазақтардың жалпы саны 4-4,5 млн шамасында.

Монография авторлары қатарында - тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жарас Ермекбай және философия ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбала Баймағамбетовалар бар. Монографияның ғылыми редакторы академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитов.