Қандастарымыз да қазақ спортының гүлденуіне өз үлестерін қосуы тиіс - Нұржан Жұмажанұлы (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өтетін мерейлі жыл! Алғаш еліміз егемендігін жариялаған сонау 1991 жылдан бастап, күні бүгінге дейін шеттегі қандастарымыздың өз отанына оралуы толастаған емес.

Бүгінгі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Елбасы Н. Назарбаевтың көшелі көші-қон саясатының арқасында қазір елімізге табан тіреген қандастарымыздың саны миллионнан асыпты. Бұл Қазақстанның демографиалық өсіміне қосылған өлшеусіз үлес екені айтпасақ та түсінікті. Қазір елге оралған қандастарымыздың ішінде өзі қалаған кәсіппен айналысып, сан саланың үздіктері атанып жүргендері де баршылық. «Қазақпын, өз отанымда өмір сүрейін, өз еліме үлесімді қосайын, ұрпағым қазақ топырағында өссін» деп келіп, еліне алақан жаймай, керісінше ата-жұртыма не берем берем деп жүрген бауырларымызды көргенде Аллаға шүкірлік етесің, әрине!

Міне, сондай қандастарымыздың бірі - Қытайдың Алтай аймағы Қаба ауданынан келіп, бүгінде Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласы бойынша жасөспірімдер спорт мектебінде гір спортынан аға жаттықтырушы болып қызмет атқарып жатқан қандасымыз Нұржан Жұмажанұлы.

Еліне оралып елеулі еңбек жасап жатқан Нұржанның жақында өз шәкірттерімен бірге Қостанай қаласында өткен гір спортынан Қазақстан чемпионатына қатысып, жүлделі қайтып бара жатқан жолынан кездесіп, сұхбаттасқан болатынбыз.

- Жүлделеріңіз құтты болсын!

- Рахмет!

- Гір спортынан Қостанайда өткен Қазақстан біріншілігіне қанша шәкіртіңіз қатысты?

- Мен Курчатов қаласынан өзімнің қол астымда жаттығатын 4 баланы ертіп бардым. Біреуінің бағы мен бабы қатар шауып, Қазақстан чемпионы атанды. Тағы бір спортшым төртінші орынға табан тіреді. Ал қалған екеуі 6-7-орындардан көрінді. Бұл ел біріншілігінің спортшыларымыз үшін маңызы ерекше болды. Чемпион атанған балаларға алтын медальмен бірге осы жазда Латвия елінде өтетін Еуропа чемпионатына жолдама берілді.

- Төрт баланың біреуі чемпион атануы үлкен жетістік екені белгілі. Шәкіртіңіз туралы толығырақ айтып өтсеңіз?

- Чемионымның аты-жөні - Ақжол Жеңісханұлы, 73 келі салмақта сынға түсті. Ұстаз бен шәкірттің бірлесе жасаған еңбегінің арқасында барлық қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Енді жазда Латвияға барып, Еуропа біріншілігіне қатысатын болады.

- Жалпы, қоластыңызда қанша бала жаттығады?

- Гір спорты елімізде кереметтей дамыған спорт түрі деп айта алмаймын. Көп жағдайда мереке мейрамдарда гір көтеруден жарыстар болып жатады. Ол жай әуесқойлық. Ал кәсіби түрде енді-енді дамып келеді. Сондықтан гір спортына келетін балалардың саны аса көп емес. Бірақ, мен өзім жұмыс жасап жатқан шағын ауданда гір спортына деген қызығушылық өте жақсы. Қазір қол астымда 20-дан астам бала жаттығады. Тек ұлдар ғана емес, қыз балалар да жаттығып жатыр. Мектебіміздің жұмыс кестесіне сәйкес балалар үш ауысым бойынша жаттығады.

- Бұған дейін де жетістіктерге қол жеткізген шәкірттеріңіз бар болар?

- Әрине, өткен айда ғана 2003 жылғы бір қыз баламыз Шығыс Қазақстан облысында өткен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде бас жүлдені жеңіп алды. Өткен жылғы Шымкент қаласында өткен ел біріншілігінде екі шәкіртім қоржынымызға екі мадаль салып қайтты. Онда бүгінгі чемпион атанған Ақжол Жеңісханұлы үшінші орынға қол жеткізген. Міне, биыл бас жүлдемен бірге Латвияда өтетін Европа біріншілігінің жолдамасын да жеңіп алып отыр. Осындай шәкірттерімнің арқасында ауданымыз Шығыс Қазақстан бойынша гір спортынан Өскемен қаласынан кейінгі екінші орында келеді. Бұл біздің еңбегімізде ілгерілеушіліктің бар екенін көрсетеді. Енді Еуропа біріншілігіне дайындықты бастаймыз.

- Бапкерлікпен айналысудың қандай қиндықтары бар?

- Өзің қалаған кәсіптің қиындығын қуанышты жақтары жеңіп кетеді. Алғашында тіл жағынан аздап қиындықтар болғанын жасыра алмаймын. Себебі, ата-жұртымыздағы білім ордасында ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп жатқан соң, «мен тек қазақ балаларын ғана тәрбиелеймін, соларды ғана жаттықтырамын» деп айта алмайсың ғой. Біздің еліміз көпұлтты мемлекет. Қазірдің өзінде қол астымда бірнеше ұлт өкілдерінің балалары жаттығып жұр. Солардың ішінен кім спортты жалықпай жаттығып, мықтылығын дәлелдейді, сонымен ары қарай жұмыс істейміз. Мен бапкер болғандықтан ешқашан, ешкімді ұлтына, руына бөлген емеспін. Кім келіп, спортпен айналысам десе, есігіміз ашық.

- Оқу орындарыңызда спортты ары қарай дамытуға қаншалық мүмкіндіктер қарастырылған? Балаларды жарысқа апару барысында қандай қиындықтар кездеседі?

- Оқу ордамызда барлық шарт-жағдай жасалған. Жергілікті әкімдіктер, мектеп басшылығы - барлығы да біздің спортымызды дамытуға өзіндік үлестерін қосып келеді. Әр жарысқа барып, жүлделі орындарға іліккенде қуанышымызды құттықтап, келгенде гүл шоқтарын алып, салтанатты түрде қарсы алады. Жарысқа аттанарда да сәттілік тілеп, жол шығындарымызды көтеріп, шығарып салады. Бұдан артық қандай көмек болсын... Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

- Өзіңіздің спортта қандай жетістіктеріңіз бар?

- Студент кезімде өзім де гір спортымен айналыстым. Шығыс Қазақстан облысының гір спортынан бас жаттықтырушысы Әділ Әбдіғали деген ағаның қол астында жаттығып, аудандық, облыстық және ел біріншіліктеріне қатысып, көптеген жүлделі орындарға ие болдым. Алайда, оқу бітірген соң, жұмысқа кірісіп кеттім. Бірақ, спорт мұғалімі оқушыларын жаттықтыра жүріп, өзі де жаттығады. Себебі, тәрбиелеп жатқан шәкірттерің өзіңе қарап өседі. Сондықтан әлі күнге жаттығудан қол үзген емеспін. Ендігі мақсатым: ата-жұртыма адал еңбек етіп, шәкірттерім арасынан әлем чемпиондарын шығарып, әлемдік рекордтар жасау. Біз еліміз-жеріміз деп келген соң елге қызмет етуіміз керек. Қандастарымыз да қазақ спортының гүлденуіне өз үлестерін қосуы тиіс деп есептеймін.

- Әңгімеңізге көп рахмет!









Сұхбаттасқан Күнсұлтан Отарбай