Қандай аспаздық өнімдер әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына кірмейді

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Тартылған еттен басқа аспаздық бұйымдар, аспаздық жартылай фабрикаттар мен дайын аспаздық өнімдер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарына жатпайды. 

Бұл туралы Астана бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ильясов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл талаптар ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № ҚР ДСМ-36 бұйрығымен бекітілген «Тамақ өнімдерін өндіру жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес айқындалған.

— Аталған құжатқа сәйкес аспаздық бұйым — аспаздық дайындыққа дейін жеткізілген тамақ өнімі немесе өнімдер қосындысы, аспаздық жартылай фабрикат — дайын күйіне жеткізілмей, бір немесе бірнеше рет өңдеуден өткен тамақ өнімдері, ал аспаздық өнім — аспаздық жартылай фабрикаттар мен дайын тағамдардың жиынтығы болып саналады, — деді спикер.

Сонымен қатар Ғалымжан Ильясов маринадталған қияр мен қызанақ, маринадталған ет және тауық өнімдері, сондай-ақ ҚР СТ 1034-2000 мемлекеттік стандартына сәйкес порцияланған және ұсақ кесекті ет жартылай фабрикаттары әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жатпайтынын атап өтті.

— Олардың қатарында котлеттер, тефтели, фрикаделька, бифштекс, биточкалар, шницель, ромштекс, гуляш, поджарка, азу, бефстроган, кәуапқа арналған ет, рагу, сорпа жиынтығы, купаттар, лангет, эскалоп және антрекот бар, — деді Ғалымжан Ильясов. 

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15 пайыздан жоғары сауда үстемесін белгілеу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

Бұған дейін Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі уақытша кеңейтілгенін жазғанбыз.