Қандай энергия объектілері газға ауысатындығын анықтап алуымыз керек – Үкімет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Автомобиль өнеркәсібі бойынша өндірістерді локализациялау деңгейін белсенді арттыру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: ҚР Үкіметі

«Мемлекет басшысы терең өңдеу кластерлерін құру жөніндегі әрбір ірі жоба бойынша өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты Экономика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірге отандық өндірушілерді қолдау мәселелерін белсенді жүргізіп, сабақтас өндірістер құруы қажет. Сондай-ақ кластерлік жүйені дамытуды ескере отырып, әрбір жобаны іске асырудың нақты жоспарларын жаңартуы керек. Автомобиль өнеркәсібі бойынша Өнеркәсіп министрлігіне өндірістерді локализациялау деңгейін белсенді арттыруды тапсырамын», - деді ол.

Үкімет басшысы елді газдандыру мәселесі бойынша газ ресурстарын ұтымды бөлуге басты назар аудару қажеттігіне де тоқталды.

«Сондықтан талдау жүргізіп, қандай энергия объектілері газға ауысады, соны анықтап алуымыз керек. Жаңа газ өңдеу қуаттарын салу үшін Энергетика министрлігі инвестициялық шешімдер қабылдауды жеделдетсін», - деді Олжас Бектенов.