Қандай маман «Болашақ» комиссиясының мүшесі бола алады және оған қанша ақы төленеді
АСТАНА. KAZINFORM – «Болашақ» бағдарламасы тәуелсіз сараптамалық комиссиясының құрамы жыл сайын жаңартылып отырады, алайда оның мүшелеріне төленетін сыйақының аздығы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсманов айтып берді.
– Біз үнемі комиссияның сандық және сапалық құрамын жетілдіріп отырамыз. Биыл тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелеріне сұхбатты дұрыс өткізу бойынша шағын тренингтер ұйымдастырамыз, – деді Әділ Құсманов Jibek joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасына берген эксклюзивті сұхбатында.
Оның айтуынша, 2025 жылы үміткерлермен сұхбат гибридті форматта – бір бөлігі онлайн, бір бөлігі оффлайн өтеді. Бұл үшін орталық HR-мамандар қауымдастығымен ынтымақтастық орнатқан.
Сондай-ақ, спикер комиссия жұмысына қатысу үшін қатаң талаптар қойылатынын түсіндірді.
– Үміткердің 10 жыл жұмыс тәжірибесі, оның кемінде 5 жылы мамандығы бойынша болуы керек, магистр дәрежесінің болуы міндетті. Егер ғылыми тағылымдама үшін болса, онда докторлық дәреже, Хирш индексі кемінде 3 болуы керек және басқа да талаптар бар, – деді орталық басшысы.
Сонымен қатар, Ә. Құсманов комиссияға төленетін ақының аздығы шектеуші фактор екенін мойындады.
– Ашық айтайын, сыйақы өте төмен – біз жарты сағаттық жұмыс үшін сараптамалық комиссия мүшесіне шамамен 1000 теңге төлейміз. Бұл өте аз. Мұндай ақшаға кәсіби мамандар комиссия құрамына кіргісі келмейді, – деп атап өтті ол.
Әділ Құсмановтың айтуынша, бұл тарифтер бұрын бекітілген, ал мемлекеттік бюджет қысқартылып жатқан қазіргі жағдайда оларды көбейту-көбейтпеу белгісіз.
Бұған дейін Әділ Құсманов «Болашақ» стипендиясының тиімділігі зерттеліп жатқанын мәлімдеген еді.
Ә. Құсманов байқаудың әділ өтпейтіні туралы пікірлерге түсініктеме берді және іріктеу процедурасы үш кезеңнен тұратынын және әрбір кезеңде бақылау элементтері бар екенін айтты.
Сондай-ақ, Президент сынынан кейін «Болашақ» тағылымдамасына жас шектеулері енгізілді.