Қандай жағдайда елден малды тірідей шығаруға тыйым салынады

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізден сыртқа мал сатуға арнайы квота белгіленген. Соның аясында әр 6 айда елден шығарылатын малдың нақты саны анықталады. Бұл туралы Kazinform агенттігі жолдаған сауалға Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми жауабында айтылған.

— Министрлік Агроөнеркәсіп кешені өнімінің импорт-экспортына тұрақты мониторинг жүргізеді және импорт-экспорт өсімінің жоғарылау үрдісі туындаған және ішкі нарыққа қауіп төнген жағдайда ден қою шараларын қабылдау жөніндегі тиісті ұсыныстар Сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) қарауына жіберіледі, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ ведомство қазірдің өзінде елден ұрғашы малды шығаруға тыйым барын атап өткен.

— Қазіргі таңда аналық малға тыйым салынған және бұқашықтар мен еркек тоқтыларға жаңа квота енгізіледі. Экспорт тек квота шеңберінде жүзеге асырылады, - деп жазылған жауапта.

Айта кетейік, бұған дейін министрлік елден тірідей мал шығаруға қатысты арнайы квота барын мәлімдеген болатын.