Қандай жағдайда ипотекалық несие төлемін шегеруге болады

Фото: «Bugin Live» бағдарламасының видеосынан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin Live» бағдарламасында тұрғын үй сарапшысы Алмажан Қаналина қандай жағдайда ипотекалық несие төлемін шегеруге болатынын айтты.

— Төлемді шегеру деген қарызды кешіру емес, ол борышкердің қаржылық жағдайы күрт төмендеуіне байланысты ипотекалық төлемді белгілі бір уақытқа тоқтата тұру. Бұл жеңілдік қарыз алушының қаржылық жағдайы төмендегеніне нақты дәлел болған кезде ғана жасалады, - деді сарапшы.

Сондай-ақ ол тұрғын үй несиесі төлемін шегеруге негіз болатын себептерді атап көрсетті.

— Ер азаматтардың әскерге шақырылуы, декреттік демалыс және жұмысынан айырылу жағдайларын айтуға болады. Одан бөлек табиғи апаттар кезінде төлем шегеріледі. Мысалы Атыраудағы су тасқыны кезінде сол өңірдің азаматтарының бәріне осы жеңілдік жасалған болатын. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде де төлем жасауды кейінге жылжытуға болады. Естеріңізде болса, коронавирус пандемиясы кезінде де осылай жасалған еді, - деді Алмажан Қаналина.

Сарапшының айтуынша, әр адамға берілетін төлем каникулы мерзімі жеке қарастырылады. Жағдайдың маңызына қарай 3-12 ай аралығында шегеруге болады.

— Бұндай шегеруден кейін не төлем мерзімі ұзаруы, не пайыздық мөлшерлемесі өзгеруі мүмкін. Әр банктің шарттары әртүрлі, ол жерде келісімшарқа қарау керек. Әдетте төлемді шегеру туралы өтініш берілгеннен кейін 15 күн ішінде шешім шығады, - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанда екінші нарықтағы тұрғын үйге арналған цифрлық ипотека іске қосылады.