Қандай жағдайда қазақстандық бала шетелдіктерге асырап алуға беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрлігі шетелдіктердің бала асырап алу процесі неліктен азайғанын түсіндірді.
Министрліктің айтуынша, шетелдік азаматтардың бала асырап алу тәртібі «Неке және отбасы туралы» Кодексі арқылы айқындалды және регламенттеледі. Сонымен бірге, баланы асырап алуға беру талаптары күшейтілген.
− Шетелдіктердің бала асырап алуы, егер ол баланың мүдделеріне сай болса, сондай-ақ туыстары мен қазақстандық азаматтар балаларды өз отбасыларына орналастырудан бас тартқан жағдайда ғана мүмкін болады. Кодекске сәйкес, Қазақстанда шетелдік бала асырап алу рәсімі өз қызметінен кез келген қаржылық немесе басқа да пайда алуға тыйым салынған аккредиттелген коммерциялық емес агенттіктер арқылы ғана көзделген, − деп жазылған Оқу-ағарту министрлігінің ресми жауабында.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 2 коммерциялық емес агенттік аккредиттелген.
− Дегенмен, соңғы екі жылда балаларды өз отбасыларына тәрбиелеуге алғысы келетін қазақстандық азаматтардың көбеюіне және шетелдіктер асырап алатын балалардың болмауына байланысты осы аккредиттелген агенттіктердің қызметі тоқтап тұр, − дейді министрлік.
Сонымен бірге, жыл басынан бері 1487 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала қазақстандық азаматтардың отбасыларына қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), патронаттық тәрбиеге, патронаттық отбасына және асырап алуға берілген.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат жетім балаларды асырап алу рәсімін жеңілдету бағытында қандай шаралар қолға алынғанын айтқан еді.
Сондай-ақ, 2025 жылдың шілдесінен бастап отбасылық орналастырудың жаңа нысаны — баланы қабылдаушы кәсіби отбасы енгізіледі.