Мемқызметтегі реформа: шілдеден бастап не өзгереді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Елімізде мемлекеттік қызмет саласын жаңғыртуға бағытталған жаңа заң мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі мен еңбек жағдайына елеулі өзгерістер енгізбек.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы жаңа Заңға Мемлекет басшысы 19 мамырда қол қойды, құжат 1 шілдеден бастап қолданысқа енеді. 

— Заңдағы негізгі жаңашылдықтардың бірі — ең алдымен, ол кәсіби, ашық әрі азаматтардың мүддесіне бағдарланған мемлекеттік қызметті қалыптастыруға бағытталған. Заңда ашықтық қағидатына ерекше назар аударылған. Мемлекеттік қызметшілер өз құзыреті шегінде азаматтар мен ұйымдардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті. Алайда жеке деректерге қатысты мәліметтерді бермейді. Сонымен бірге азаматтардың өтініштерін қарау мерзімін негізсіз созуға, ақпарат беруден дәлелсіз бас тартуға және жалған мәлімет ұсынуға тыйым салынады, — дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы Дархан Ермеков.

Жаңа заңда алғаш рет «мемлекеттік қызметшінің мінсіз беделі» ұғымы енгізілді. Ол қызметшінің кәсіби, адамгершілік және жеке қасиеттерінің жиынтығын қамтып, мемлекеттік қызметке кіру мен оны атқаруға қойылатын талаптарды нақтылайды.

— Еңбек жағдайларына қатысты да бірқатар өзгерістер бар. Мемлекеттік қызметшілерге толық емес жұмыс уақыты режимін қолдану мүмкіндігі беріліп, икемді жұмыс кестесін енгізуге құқықтық негіз жасалды. Әлеуметтік кепілдіктер де айтарлықтай кеңейтілді. Бұрынғы 30 күнтізбелік күндік жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша, мемлекеттік қызмет өтілі 10 жылдан асқан қызметшілерге еңбек өтіліне қарай 3-тен 10 күнге дейін қосымша демалыс беріледі. Сонымен қатар неке қию, бала туу, бала асырап алу, жақын туыстарының қайтыс болуы сияқты жағдайларда 10 күнге дейін қысқа мерзімді ақылы демалыс қарастырылған, — дейді Дархан Ермеков.

Маманның айтуынша, тәртіптік жауапкершілік жүйесі де жетілдірілді. Жаңа редакцияда тәртіптік жазалардың түрлері кеңейіп, лауазымын төмендету, қызметтік деңгейін өзгерту және сайланбалы лауазым иесін қызметіне сәйкес емес деп тану сияқты шаралар енгізілді. Жазалардың қолданылу мерзімі 2 айдан 6 айға дейін сараланып белгіленген.

— Бұдан бөлек, профилактикалық ықпал ету шаралары енгізіледі. Олардың қатарында профилактикалық әңгімелесу, жазбаша ескерту, кәсіби құзыретті тексеру, профилактикалық есепке қою, мінез-құлық бойынша жеке ұсынымдар беру және мониторинг жүргізу бар. Бұл шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Осылайша, жаңа заң мемлекеттік қызметтің дамуына заманауи жағдай жасап, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді, — дейді департамент өкілі.

Бұған дейін мемлекеттік қызметшілердің туыстарын қызметке алуына байланысты шектеулер күшейтілгенін жазған едік.