Кандидаттарды таңдауда гендерлік аспектіні ескеруге тырыстық - Е.Тоғжанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан ҚР Парламенті депутаттығына үміткерлер тізімінде екі кандидат әйел бар. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте ҚХА Төрағасының Бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясынан екі әйел: Наталья Жұмаділдаева мен Наринэ Микаелян ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер ретінде ұсынылып отыр. Наринэ екінші жағынан жастар қанатымен айналысатын болады. Кеңес барысында осы екі азаматшаны арнайы ұсындық. Бұл - міндетті түрде болуы керек деген біздің критерийіміз, алдына қойылған талаптардың бірі де сол. Бір жағынан этникалық, екінші жағынан жастар, енді негізгі мәселе бұл - гендерлік аспектінің ескерілуі.Шешім осылай қабылданды. Кеңес жұмысы бойынша талқыланды. Сондықтан бізде депутаттарды ұсыну практикамызда осы жұмыстардың барлығы негізге алынып, ары қарай іске асырылады деп ойлаймыз», - деп атап өтті ол.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Əбдіқалықованың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті.

Онда ҚХА кеңесі Мəжіліс депутаттығына Ассамблея сайлайтын тоғыз адамның кандидатурасын бекітті.

Олардың ішінде V шақырылымдағы Парламент Мəжілісінің депутаты Роман Ким, V шақырылымдағы Парламент Мəжілісінің депутаты Ахмет Мурадов, V шақырылымдағы Парламент Мəжілісінің депутаты Юрий Тимощенко, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко, Республикалық ұйғыр этномəдени орталығының төрағасы Шаймардан Нұрымов, Дұңған этномəдени орталығы қауымдастығының басқарма мүшесі Шакир Хахазов, Қызылорда қаласындағы жасөспірімдер мен оқушылар үйінің директоры, Қызылорда облысы аналар кеңесінің төрағасы Наталья Жұмаділдаева, Алматыдағы армян мəдени орталығының төрағасы Наринэ Микаелян бар.