Қандықол қылмыскерлер өз құрбанын хабарландыру арқылы таңдаған

АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Алматы қаласында «Тойота Ланд Крузер» автомашинасының жүргізушісіне пышақ жарақатын салып, көлікті иемденуге әрекет жасаған қылмыскердің біреуі ұсталды.

Бұл туралы бүгінгі брифинг барысында ҚР ІІМ Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қаунышбек Жұманов хабарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның мәліметі бойынша, қаңтардың 20-сы күні Алматы қаласында «Тойота Ланд Крузер» автомашинасына мінген екі жолаушы көлік жүргізушісін буындырып, пышақ жарақатын салу арқылы көлік құралын иемденуге әрекет жасаған. Жәбір көрген көлік жүргізушісі автомашинадан қашып, көмекке шақырып үлгерген. «Боран» автопатрулінің полицейлері шабуыл жасағандардың біреуін ұстады. Оның Алматы облысының 27 жастағы тұрғыны екені анықталды. Қылмыскердің сыбайласын ұстау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ қылмыскерлердің газеттен автомашинаны сату туралы хабарландыруды оқып, қылмыс құрбанын таңдағаны анықталып отыр», - дейді Қ.Жұманов.