Канье концерті Алматыға 5 млрд теңге пайда әкелді

АЛМАТЫ. KAZINFORM - 15 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда YE (Канье Уэст) концерті өтті.

Фото: Кәмшат Әбдірайм / Kazinform

Алматы қаласы туризм басқармасының мәліметінше, ауқымды концертке байланысты стадионда 31 мың көрермен жиналды. Оған 50-ден астам елден шамамен 7 700 турист келген. Олардың 2 мыңға жуығы концертке арнайы келген шетелдік жанкүйерлер.

Сондай-ақ ведомство 13–16 тамыз аралығында Алматыдағы қонақүйлер мен орналастыру орындары орта есеппен 98%-ға толғанын атап өтті. Туристер ағынының экономикалық әсері шамамен 5 млрд теңгеге бағаланған.

- YE концерті Алматыдағы туризм үшін осы жылдың маңызды шараларының біріне айналды. Концерт күндері орналастыру орындарына сұраныстың айтарлықтай артуы халықаралық іс-шаралардың қаладағы туристік белсенділікті арттыруға ықпал ететінін көрсетті. Мұндай ауқымды жобалар Алматының халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге әлеуеті жоғары екенін дәлелдейді, – деді туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.

Еске салайық, бастапқыда әлемдік жұлдыздың шоуы 14 тамызға жоспарланды. Алайда қауіпсіздік мақсатында Канье Уэст концерті бір күнге шегерілді.