Бұл ретте ол GGG-мен белгіленген раундтарды соңына дейін жеткізуге әзір екенін де айтты. Головкин мен Канело арасындағы бұған дейін өткен екі жекпе-жектің бірі тең есеппен, ал екіншісі төрешілердің басым бөлігінің шешімімен мексикалық боксшының жеңісімен аяқталған еді.
«Бұл жекпе-жектегі мақсатым – нокаутқа түсіріп жеңіске жету, бірақ барынша жинақы боламын. Егер нокаут орын алса, жақсы. Олай болмаса, 12 раундқа да дайынмын», - деді Альварес тілшілерге берген сұхбатында.
Еске салайық, Головкин мен Канело арасындағы үшінші жекпе-жек 17 қыркүйекте (Қазақстанда 18 қыркүйек күні таңертең) Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өтеді. Айқасты Қазақстанда тікелей эфирден көруге болады.
Кеше қос боксшы Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада штаты) MGM Grand ойын-сауық кешенінде ұйымдастырылған «қарсы алу салтанатына» қатысып, көз арбасу өткізді.
Фото: sports.kz