«Канело» Головкиннен кейінгі айқасын қайда және қашан өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Golden Boy Promotions промоутерлік компаниясының президенті Эрик Гомес мексикалық боксшы Сауль Альварес Геннадий Головкинмен рематчта жеңіске жеткен жағдайда келесі жекпе-жегін қайда өткізуі мүмкіндігін айтты, деп хабарлайды Sports.kz.

«Біз 15 желтоқсанға Madison Square Garden кешеніне бронь жасап қойдық», - деді Гомес. Маманның сөзі Твиттердегі Fight Sports парақшасында жарияланды.

Еске салайық, «Канело» мен GGG-дің қарымта кездесуі 15 қыркүйек күні Лас-Вегастағы T-Mobile аренада болады. Дәл осы жерде өткен жылдың қыркүйек айында боксшылардың алғашқы жекпе-жегі өткен еді. Төрешілердің шешімімен кездесу тең аяқталды. Бұл жолы боксшылардың екеуі де кездесуді нокаутпен аяқтауға оқталып отыр. Сондай-ақ айқас нәтижесін төрешілердің шешіміне салмауды ұйғаруда.