БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, сала басшысы сонымен қатар уақытша эвакуациялау пункттерінде орналасқан тұрғындармен кездесіп, сауалдарын тыңдарды.
– Еліміздің бірқатар өңірлерінде орын алған жағдайға байланысты Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен халықтың жағдайын білу мақсатында ортаңызға келдік. Еліміз бойынша тасқын судан зардап шеккен ауыл тұрғындарына мемлекет тарапынан барлық бағытта көмек көрсетіліп жатыр. Денсаулық сақтау саласы тарапынан эвакуациялық пункттердегі халыққа қажетті медициналық көмек, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, су тасқыны болған аймақтарда жұқпалы аурулардың таралып кетпеуін қадағалау, ауыз су, тазалық мәселесін қадағалау т.б. жұмыстар жасалып жатыр. Сонымен қатар жоспарлы ем, санаторлық-курорттық ем ұйымдастыру мүмкіндіктерін қарастыратын боламыз. Мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөлініп жатыр. Мұндай қиын уақытта барлығымыз бірге, ауызбіршілікте болып, қиындықты еңсереміз деген сенімдемін, - деді Ақмарал Шәріпбайқызы.
Бұдан бөлек министр бірқатар медициналық нысандарда болып, ұжыммен кездесті. Эвакуациялық пункттердегі халыққа медициналық көмек көрсету, тегін дәрілік препараттармен қамтамасыз ету бағытында жұмыстарды жандандыру, сонымен қатар медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында қызметтің ұйымдастырылу жайын талқылап, нақты тапсырмалар берді.
А.Әлназарова су тасқыны қаупі бар аймақта орналасқан облыстық кардиологиялық орталық ғимаратында болып, жаңа ғимарат салу, науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетудің талапқа сай болуы керектігін жеткізді.
Су басу қаупі төнуіне байланысты қалалық көпбейінді аурухана ғимаратына көшірілген облыстық кардиологиялық орталық қалыпты жұмыс жасауда. Жүрек және қан тамырлары жүйесі ауруларымен ауыратын пациенттер үшін ғимаратта барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Сонымен қатар ведомство басшысы «Батыс су арнасы» ЖШС-да, зертханада және облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сараптама орталығында болды. Бұл тұрғыда Ақмарал Шәріпбайқызы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы, тұрғындар тұтынатын ауыз судың сапасы басты назарда екенін тілге тиек етті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің су тасқыны кезінде бәріне де дайын болуымыз керек екендігі туралы айтқанын жазған едік.
Сондай-ақ Жайық өзеніндегі су деңгейі Оралда бір тәулікте 13 сантиметрге көтерілді.