Қаңғыбас жануарлардан дерматомикоз жұғуы мүмкін - санитарлық дәрігер

Фото: Видеодан скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы тері аурулары жұғуының негізгі себептерін атады.

Оның айтуынша, тұрғындар арасында кездесетін негізгі жұқпалы тері ауруларының бірі - дерматомикоз.

- Аурудың негізгі көздері - үй жануарлары, әсіресе қаңғыбас иттер мен мысықтар, сондай-ақ науқас адамдар. Көп жағдайда патологиялық процесс тері мен шашты зақымдайды. Сондықтан теріде немесе шашты бас бөлігінде қандай да бір бөртпелері пайда болса, дер кезінде диагноз қойылып, тиісті ем тағайындалуы үшін дереу дерматологқа жүгіну керек. Ауру расталған жағдайда, инфекцияның одан әрі таралуының алдын алу үшін науқаспен байланыста болған барлық отбасы мүшелері мен басқа да тұлғалар тексеруден өтуі тиіс, - деді маман.

Санитарлық дәрігер бұл ауруды жұқтырудың алдын алу үшін келесі ережелерді сақтауды ұсынады:

  • басқа адамдардың бас киімін, киімдерін, аяқ киімін, тарағын, төсек-орын жабдықтарын және жеке гигиена заттарын пайдаланбау;
  • қаңғыбас мысықтар мен иттермен байланыста болмау;
  • сүлгі мен төсек жабдықтарын ыстық суда жуу;
  • тек санитариялық талаптарға сәйкес дезинфекция жүргізілетін монша, сауна, бассейн және спорт залдарға бару;
  • ата-аналар балаларды жеке бас гигиенасын сақтауға үйретіп, қаңғыбас жануарлармен байланысудың қауіптілігін түсіндіруі тиіс;
  • үй мысықтары мен иттерде тері ауруларының алғашқы белгілері байқалған жағдайда, оларды ветеринарлық клиникаға апарып, тексертіп, емдеу қажет.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда туберкулез сырқатының саны 20 пайызға азайғанын жазғанбыз.