Қаңғырған иттен қауіп көп: ШҚО-да бір жылда 660 адамды бұралқы ит қапқан

Фото: Pexels

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Көше кезген бұралқы иттер бала тұрмақ ересек адамның үрейін алады. Әсіресе қала іргесіндегі жарығы нашар көшелерде тұратындарға қиын. Себебі кештетіп үйге қайтқанда аш жүрген төрт аяқты тап бере ме деп қорқады. 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында қаңғырған иттен 660 адам зардап шеккен. Kazinform тілшісі бүгінгі мақалада осы бұралқы иттер жайын сөз етпек. 

Қанша қаражат бөлінген?

Өңір бойынша иесіз жүрген иттерді аулау мақсатында не істеліп жатқанын білу үшін ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасынан ақпарат сұраттық.

Өткен жылы қараусыз жүрген төртаяқтыларды аулауға және уақытша ұстауға 84 млн теңге бөлінген.

Нақты айтқанда:

— Аулауға — 32 млн теңге;
— Уақытша ұстауға — 20 млн теңге;
— Вакцина салып, зарарсыздандыруға — 10 млн теңге;
— Жануарларды уақытша ұстайтын пункттердің жұмыс істеп тұрулары үшін — 13,2 млн теңге.

Бұдан бөлек, Tanba KZ а0параттық жүйесіне бұралқы иттерді тіркеп, биркалар сатып алу үшін 7,5 млн теңге жұмсалған.

Бүгінде облыста мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар қарамағында қаңғырған иттерді аулайтын 11 қызмет пен иесіз жануарлар паналайтын 11 орын бар.

— Шығыс Қазақстанда соңғы бір жылда 5333 иесіз ит-мысық ауланды. Мамандар оларды ешқандай жарақат келтірмей ұстайды. Одан кейін арнайы орынға жеткізеді, — деп хабарлады басқармадан.

ШҚО Санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметке сүйенсек, 2023 жылы аймақ бойынша қаңғырған иттер 660 адамды қауып, тістеп алған.

Ал жалпы иттен зардап шеккендер саны жыл көлемінде — 1467.

Осы ретте қараша айында болған оқиға ойға оралды. Глубокое ауданы Белоусовка кентінде ит талаған екі бала ауруханаға жеткізілген-тұғын.

Айдың-күннің аманында аулада ойнап жүрген балақайларға арсылдаған ит тап берді.

Бірін аз-маз қапса, бет терісінде көптеген тістелген жарақаты бар екінші пациентке дәрігерлер шұғыл түрде ота жасады. Абырой болғанда, бала аман қалған.

Иесіз иттер аз емес

Тек ауылдарда ғана емес, Өскеменде де иесіз иттер толып жүр.

Мамандардың есебінше, қазіргі уақытта қаланың өзінде мөлшермен 1500-2000 аралығында бұралқы ит бар.

Ашығын айтқанда, ит тақырыбы әлеуметтік мәселеге айналып отыр.

Жануарларды қорғаушылар «иттерді атпаңдар» деп шыр-пыр болса, көбінесе жер үйде, саяжайда тұратын халық төртаяқтылар адамға шаба ма деп алаңдайды.

Көшедегі итті ұстап, уақытша орналастыратын орынға апарып қамаудың өзі мамандарға оңайға соқпайтынын ескерсек, ол иттерді тамақтандырудың өзі мемлекет бюджетіне салмақ салады екен.

Бұл туралы бізге ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы эпизоотияға қарсы іс-шаралар бөлімінің басшысы Мұхтар Жанкебаев айтып берді.

— Бір итті аулап, тамақтандырып, зарарсыздандыруға 60-70 мың теңге аралығында ақша кетеді. Тіпті мектепте оқитын балаларының өзіне ай сайын ата-аналары сонша жұмсамайды. Зоодүкендерде сатылатын Pedigree деген иттерге арналған азықтың бағасы 5 мың теңгенің шамасында. Одан соң чиптеу керек. Иесіз жануарлар паналайтын орын салынып, инфрақұрылымы әзірленіп қойса жұмыс істеуге де тиімді болар еді. Тағы бір тұсы, иттерді екі айдай уақытша ұстап, оны алып кететін адам табылмаса, зарарсыздандырылған соң табиғи ортаға қайта жіберу керекпіз. Ал төртаяқтылардың адамдарға қайта қауіп төндірмейтіндігіне кім кепіл? — деді ол.

P. S. Осылайша, бұралқы ит азайған орнына көбейіп келеді.

Ал жыл сайын облыс көлемінде жүздеген адам сол иттерден зардап шегіп жатыр.

Не істеу керек? Бұл сұрақтың жауабы әлі де өзекті.