Қаңғырған иттер қаптады: Өскеменде бір аптада 11 адамды ит қапты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен тұрғындары көшеде иесіз иттердің қара құрттай қаптап кеткенін айтып, дабыл қағып жатыр. Бір аптада 11 адамды ит қапқан.
Талап тастаса кім жауап береді...
«Ақбота» балабақшасы Өскемендегі Жібек маталар комбинаты ықшамауданында орын тепкен. Баласы сонда баратын ата-ана күн сайын балабақша алдында қаңғырған иттердің қаптап жүретінін жеткізді.
- Баламды қолға алып, жаяу қайтқанда қорқамын. Ертең ашыққан ит талап тастаса кім жауап береді?! Тек балабақшада емес, жалпы біздің ықшамауданда бұралқы иттер толып кетті. Өзім Қазыбек би даңғылындағы сұлулық салонында жұмыс істеймін. Ғимараттың артқы жағында да иттер шұбырып жүр, - дейді Айжан есімді қала тұрғыны.
Бұдан бөлек, Защита, Ахмер шағын аудандары, Шығыс ауылы мен Лесхоз, Красин, Меновное кенттерінің халқы да иттердің шектен тыс көбейіп келе жатқанын айтуда.
Әлеуметтік желіде де жыл басынан бері иттердің адамға тап беріп жатқаны көрінген видеолар тарап жатыр.
Атуға тыйым салынған
ШҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, 2022 жылдың наурыз айында елде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң күшіне еніп, сол уақыттан бері иесіз иттерді атуға тыйым салынған. 3 жылдың ішінде облыс бойынша көше кезген иттердің көбейіп кеткені сондықтан.
- 2024 жылы облыс бойынша 6 мың бұралқы ит ауланып, 1 976-сы эвтанизацияланды. Бүгінде Өскеменде 1 500-ден астам ит пен 50 астам иттер тобыры бар, - делінген ақпаратта.
Ал, Шығыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы иттерден зардап шеккендердің көбейіп келе жатқанын растады.
- 3-9 ақпан аралығында Өскеменде ит қапқан 11 адам ауруханаға қаралды. Өткен жылы қала бойынша барлығы 467 адам қаңғырған иттерден зардап шеккен, - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметінен.
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов бұл мәселені бірден шешу мүмкін еместігін жеткізді.
- Заң бойынша иттерді атуға рұқсат жоқ. Біз оларды тек аулап, одан соң бір апта асырап, фотосын жан-жаққа таратып иесін іздеп, егер табылмаса қайта қоя беруіміз керек. Ал, Өскеменде иттерді ұстайтын арнайы мекемені салу үшін 2,5 млрд теңге қаражат кетеді. Бұл сомаға бір мектеп салуға болады. Сондықтан көшелерді иттерден лезде тазартып жіберу мүмкін емес. Тұрғындардан түсіністік танытуларын сұраймын, - деді әкім.
Еске салсақ, бұған дейін Жетісу облысында иттер мал мен үй құстарына шауып жатқаны хабарланған.