Астана қаласының полиция департаменті қысқы каникул кезінде кәмелетке толмағандар арасында заңға қайшы әрекеттердің алдын алу және жолын кесу мақсатында балалардың бос уақытын өткізу барысы мен орналасқан жерін тексереді.
«Ата-аналардың дұрыс бақыламауы балалардың жазатайым оқиғаларға ұшырауына себеп болып жатады. Осыған орай, ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Балаларға жолдағы және күнделікті тұрмыстағы жүріс-тұрыстың қарапайым ережелерін үйрету керек. Балаларға қамқор болыңыз. Каникул кезінде балалардың қысқы ойындарға қызығушылығы артады, алайда бұл ретте олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнуі мүмкін», - дейді департаменттен.
Елорда полиция департаментінің ата-аналарға ұсынысы:
- аяз және дауылды күндері серуендеуді азайтыңыз немесе мүлдем тоқтатыңыз;
- су қоймаларына жоламаған жөн, мұз жарылуы мүмкін. Мұзға ойылған жағдайда айқайлап көмек сұрап, жағаға өздігінен шығуға әрекет жасау қажет.
- балаңыздың кешкі уақытта қайда жүргенін бақылаңыз;
- балаға көшеде және бейтаныс адамдармен өзін қалай ұстау керектігін ескертіңіз;
- жарақат алмау үшін мүмкіндігінше тайғақ жерді айналып өтуге тырысыңыз;
- салынып жатқан және қараусыз қалған ғимараттарға кіруге қатаң тыйым салу керек. Бұл - балалар үшін өте қауіпті.