«Қанмен жазылған кітап» - соғыста құрбан болған жауынгерлердің ескірмейтін ескерткіші (ФОТО)

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл - Ұлы Жеңіске 70 жыл. Агенттігіміз Ұлы Жеңістің тарихына байланысты маңызды айдарды әрі қарай жалғастырады.

Ұлы Отан соғысы тарихының беттерін парақтасақ, жеңіс сағатын соқтыруға Қазақстанның қосқан үлесі телегей-теңіз екенін білеміз. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады. Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама боздақтар қыршын кетті. Ішінде ақыны да, әншісі де бар еді.

Белгілі ағылшын тарихшысы Александр Верт өзінің «Ресей 1941-1945 жылдардағы соғыста» деген кітабында: «Қызыл Армияның табанды солдаттарының бірі қазақтар болды, тұтас алғанда қазақтар бүкіл соғыс бойында өздерін жақсы жағынан таныта білді. Тіпті Сталинградтың өзінде ең өжет солдаттар қатарында қазақтар тұрды», - дегенді айтады.

Ұлы Отан соғысының шежіресіне Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Мәлік Ғабдуллин, Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов секілді көптеген жерлестеріміздің аттары алтын әріптермен жазылды.

От кешіп, қан жұтқан сол бір жылдар барған сайын бізден алыстауда. Майдан мен тылдың аты аңызға айналған ерлері барған сайын азая түсуде. Бірақ олар жасаған Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Келешек үшін, дүниежүзілік жаңа жойқын соғысқа жол бермеу үшін бұны ұмытуға болмайды.

Ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, кемеңгерлікпен қол бастаған, батырлық пен батылдықтың иесіндей, асылдық пен жасындықтың үлгісіндей аты аңызға айналған баһадүр батырларымыздың бірі, тау тұлға - Бауыржан Момышұлы. Ол кісінің өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық рухы, алғырлығы мен көрегендігі - біле білгенге ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі.

Батыр Бауыржан Момышұлы - алмас қылыштай өткір де қайсар, дана да данышпан, шешен әрі ақын, «сөз қадірін - өз қадірі, өз қадірі - ел қадірі» деп бағалаған айбынды азамат. Осынау дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры, ғибратқа толы істері, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, терең мағыналы ойлары әркімнің көкейінде. Бауыржан Момышұлы - соғысты өз көзімен көрген, соғыс туралы алғаш қалам тербеген жазушылардың бірі. Батыр Бауыржанның айтар ойы, жазар тақырыбы - соғыс шындығы. Ол өз шығармасының кейіпкері, өзінің образдарымен тұтасып кеткен тұлға. Барлық оқиғалардың бел ортасында өзі болғандықтан автор әңгімені өз атынан айтады. Ол сырт бақылаушы емес, белсенді қатысушы. Бүгінгі айтпағымыз батырдың «Қанмен жазылған кітабы» туралы болмақ.

«Мен неліктен соғыс жөнінде жазып жүрмін? Өйткені соғыс - адам өміріндегі ең бір дүр сілкіндірерлік, жан түршігерлік оқиға. Тылда адам соғыс туралы ойша елестетіп қана жүреді. Майданды ой жүзінде елестету егер де ол ақиқаттан биік тұрса жақсы, бірақ соғыста қазіргі заманғы ақиқаттан биік еш нәрсе де жоқ, сондықтан ақиқат шындықты талап етеді. Сіздер театрдан немесе кино экранынан соғыстың көріністерін көріп жүрсіздер, бірақ сіздер оның ішкі мән-мазмұнын кинодан да, театрдан да көре алмайсыздар, себебі көптеген жазушылар мен өнер қызметкерлері соғыс туралы шындықты, ақиқатты терең түсіне алмайды, долбарлап, қиялдан шығарып жазады, мұнысы шындыққа сай келмейді. Мен жауынгерлік өлең тексіне лирикалық музыка жазған бір композитордың шығармасына зығырданым қайнағаны бар. Суретші де әйтеуір бір полотно салып, әйтеуір ішкі мазмұны жоқ көшірмені береді. Бұл, шынында, адамдардың соғысты тереңірек білмеуінен болып жатса керек. Соғыс туралы шындықты, мұнда тылда отырып тану киын, тіпті мына біздер, ұрысқа қатысушылардың өздері де, оны түбегейлі, ұңғыл-шұңғылына дейін біле бермейміз. Соғыста шындықты табу өте қиын, ал оны жинақтау, қорыту одан да күрделі. Соғыс туралы ақиқатқа жету - бұл өте үлкен проблема. Мен соғыс тақырыбына жазылған әдебиеттерді оқыған кезімде олардың көпшілігінің шындыққа келмейтініне көзім жетті. Баспахананың бояуымен жазылған кітаптар да, адам қанымен жазылған кітаптар да болады. Мен баспахана бояуымен емес, майдан даласында шынайы қалпында, бар болмысымен қанмен жазылған соғыс кітабын оқыдым. Соғыс туралы өнер туындыларының ғұмыры қысқа болатындығы - олардың көркемдік жағы соғыс қимылдарының шындығынан мүлдем алыс жататындығында, яғни менің айтайын дегенім - үлкен шындық тұрғысында нағыз өмірдің ақиқатын жинақтай алмауда болса керек», - деп жазады Бауыржан Момышұлы «Қанмен жазылған кітабында».

Бауыржан Момышұлының патриотизмге толы, Отан сүюге баулитын бұл еңбегі жазушының «Книга, написанная кровью» атты орысша кітабынан белгілі зерттеуші Мұхтар Қазыбектің аударуымен 2010 жылы жарық көрген.

Бұл шығарманы балауса жеткіншектер неғұрлым ерте оқыса, соғұрлым ерте есейе түсетіні сөзсіз. Себебі, аталған еңбектен майданнан жазылған тебіреніске толы хаттар, Панфиловтың жүрекжарды үзік сырлары, соғыстың ішек үзді қыр-сыры мен бүге-шігесі, қызығушылық тудыратын деректер мен дәлелдер, ұлағатты сөздер мен мақал-мәтелдер әсем де әдемі, әрлі де бедерлі тілмен әспеттеліп берілген. Сонымен қатар соғыс өнеріне қатысты қызықты деректер, майдан тәжірибесі, тактика мен талайғы айла-тәсілдер адам баласының ақыл-ойын баурап алар құдіретімен, сол сұрапыл күндерді көз алдыңа елестетер қуаттылығымен ерекшеленеді.

«Өз ұлтын құрметтеп, мақтан тұтпайтын адам сөзсіз сатқын және қаңғыбас... Ұлттық мақтаныш - ұлт өкілі тұлға үшін қасиетті және бұзылмайтын заң». Бұл қолбасшы да емес, жауынгер де емес, нағыз шығармашылық тұлғаның бірегей сөзі. Алайда, ұрыс пен соғыс - бұл ғылым ғана емес, сонымен қатар, өнер де. Сондықтан да бұл өнердің ұйымдастырушысы шын мәнінде шығармашылық еңбектің адамы болып табылады.

Бұл кітап туралы шығарманы аударған зерттеуші Мұхтар Қазыбек былай дейді: «Бауыржан Момышұлы мұраларының ішіндегі ең асылы, осы «Қанмен жазылған кітап» болғандықтан қайтадан қолға алып, 6 айда аударып шықтым. 45 беттей алғысөз жазып, сонымен қатар 35 беттей қосымша материалдарын аударып енгіздім. Бауыржан тек әскери адам, командир болған жоқ, ол шығармашылық тұлға болды. Оның ойларында, айтқан пікірлерінде толғаныстар, тұжырымдар, даналық сөздер, мақал-мәтелдер көп. Жауынгер жазушының соғыс психологиясы жайындағы әңгімесінің, жазушылармен кездесу кешінде сөйлеген сөзінің стенограммасы, өзінің ұстазы генерал И.В.Панфилов туралы жүрекжарды сырлары мен пайымдаулары, сонымен қатар майданнан жазған үлкен тебіреніске толы хаттары да сақталған. Бұл материалдардың барлығын да осы кітаптан таба аласыздар».

Оның айтуынша, әлем халықтары әдебиетінде Момышұлы қалдырғандай мұра кездеспейді. Оның ең бір құнды жағы - адам психологиясына майдан тәжірибесі тұрғысынан жасалған тың таңдауларының сонылығы мен жаңалығында, адам ақыл-ойын әп-сәтте баурап алатын құдыреттілігінде жатыр. Батырдың жауынгерлерге, майдандас достарына берген сипаттама, мінездемелері адамның көкірегінде терең із қалдырады.

Ерекше атап өтерлігі, көрген көзге ыстық басылатын, аядай ғана кітапқа Бауыржан Момышұлының үйіндегі архивте жатқан аса құнды материалдар, жеке құжаттары мен баяндамалары, ой-толғамдары, КСРО Ғылым академиясында оқыған дәрістері топтастырылған. Әдеби мұра өзінің мазмұны мен сипаты, қозғалған мәселелерінің ауқымы жағынан аса бай, өз алдына үлкен құндылықтарды арқалайды.

Бүкіл әлемде «Қанмен жазылған кітап» біреу ғана болар. Ол - тау тұлға Бауыржан Момышұлының шығармасы. Ал қалған кітаптар осы іспетті туындылар. Бүгінгі таңда көптеген елдерде соғыс өнерін үйретуде, тәлім-тәрбие алуда осы кітап кеңінен танымал.

«Мен мына соғыста тірі қаламын ба, әлде жоқ па, оған көзім кәміл жетпейді, бірақ өзімнің хатымда қолжазбамның оқушыларына бірсыпыра талаптар қоюға талпыныс жасадым», - деп толғанған батыр жазушы оқырмандарына хат жазады. Ендеше сол хаттан үзінді оқып көрейік: «Менің қолжазбамның оқырмандарына. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра», - дейді халық даналығы. Жіп қылдан тұрады, дене тканьнан құралады. Даналық өткеннің тәжірибесін қорытатын, қазіргі жағдайды зерделі талдайтын және болашақты көре білетін творчестволық ойдың қаймағынан тұрады. Кірпішсіз сарай сала алмайсың. Ұшқынсыз от тұтанбас. Мейірім болмаса, сүйе де алмайсың. Ашу-ызасыз жек көру мүмкін емес. Мәжбүр етпей, мойын ұсынбас, мейірім болмай, жақсы көре де, беріле де алмайсың. Бұйрық - алғыр басшының ой-арманы. Әскерсіз - қолбасшы қауқарсыз, басшысыз - әскер әлсіз. Сын - ерді шыңдайды, қорқақты қинайды. Азаматқа - өмірден де ар қымбат, өлімнен ұят күшті. Қорқақ - дөрекі әрі ақымақ. Мейірімсіздердің жаны нәзік емес, оларға құдық та түпсіз терең. Батырға сырдың суы сирағынан келмейді, қорқаққа батпақ та кедергі, шалшық та бөгет. Атқа мініп жүре алмайтынға жуас ат та асау, жебе де қысқа, тартпа да бос, ердің үсті де қолайсыз, тізгін де ұзын көрінеді - барлық сылтауды жайып салады. Шошқа бағушы арғымақты тұрқына қарап ажырата алмайды, оған қашар да - ат. Құм ішіндегі дәнді қырағы көз ғана шалады. Кебекті ұннан елеп айырады, су көмір арқылы таза сүзіледі. Алғырлық ойдың ішкі мазмұнын нұрландырып тұрады. Қанатты сөздің қарапайым сөзден айырмасын сергек құлақ, алғыр ой ажыратады. Басқаны «жақсыға» білгенше, өзіңді «орташаға» біл. Ақылгөйлік кейде өнегесіздікке тірейді. Тәртіп кейде тәртіпсіздікті тудырады. Тер төккенше тыраштану - кейде жалқаулыққа пара-пар... Тым ерекше құштарлық - бейжайлықпен бірдей дерлік. Тым адалдық - жалғандықпен пара-пар. Егер өткенді үнемі еске түсіріп тұратын ақ нәрсеге жамалған жамаудай көзге бадырайып тұрғаннан гөрі, дұрысы бүлінген дүниені бүлдіріп тастаған жөн. Жарықты бөгде затпен бітегеннен гөрі, сынғанды сындырып тастаған жақсы. Егер тігісі сөгілмей жыртылса, оны қалдықпен жамағаннан гөрі мүлдем жыртып тастаған жөн. Бетіне түкіріп, қайтып сүйгеннен гөрі, мүлдем безіп кеткен жақсы. Екіжүзділіктің балын татқаннан, әділдіктің ащы уын ішкен артық. Қарттықтың әдемілігінен көңіл қайтқанша, махаббаттың арманынан ләззат алған дұрыс. Өтіріктің қанатын қомдағанша, ауыртпалықтың жүгінен бүгілген артық. Мақтаныш - ерлік анасы. Айбарлы адам жасық жанға дос емес... Өзін сыйламаған - басқаны сыйлауға қабілетсіз...». Қандай керемет сөздер, кестелі тіл, кемеңгер ойлар! Бұндай философиялық ойлардың батыр жазушының жүрегінен төгіліп жатуы заңдылық шығар. Осындай өрелі сөздерден кейін кітапты әрі қарай оқымау мүмкін емес. «Тағдыр мені адамзаттың жан түршігерлік қайғы-қасіретінің куәгері болуға жазса да, ақ қағаздың бетіне болат қаламсаптың ұшымен қисынды сөзді маржандай етіп тізе алатындай өнерім болмаса да жай себеппен, менің қолым жауға сілтер қылыштың сабын ұстауға, пистолеттің шүріппесі мен жауынгердің атының тізгінін ұстауға үйренген қолыма - қаламсап та, уставтың өктем бұйрығына үйреніп қалған тілім де ырық берер емес. Бірақ та сараңдардың санатында қалмас үшін, өлгендердің рухы, зардап шеккен, адал солдаттарымның алдында үн-түнсіз қалмауға, бастан кешкендерді тілсіз қағаз бетіне түсіруді өзіме парыз санаймын, өйткені ол: «ерлік елеусіз қалмасын, олжа - елге, атақ - ерге сауға» деген әділеттілік қағидасын еске салатын, шындық оқиға куәгерінің тілі болсын. Бұл қарапайымдау өңделінбеген, олақтау, сұрыпталынбаған тартуым болсын, сөз өнерінің шеберіне кітап жазуы үшін, құрылыс материалына жарарлық сыйым болсын...». Міне, Момышұлының хаты әрі қарай осылай өріледі. Бұл сөздерден-ақ батырдың халық алдындағы үлкен жауапкершілігін, майдандас жауынгерлеріне деген ізгі ниетін, тарих алдындағы адалдығын көруге болады. Хаттың соңын жазушы:

«Найзадан қол босаса қалам алдым,

Толғанып оқиғаны көп ойландым.

Тырмысып әл келгенше көргенімді,

Жалтақтамай, именбей ашық жаздым.

"Отырсам көп ойланып күнім жақын,

Әр адам біле бермейді сөздің парқын.

Ұрпаққа арнап істелген адал еңбек,

Ақ ниетпен ұсындым саған, халқым.

Жазушы болмаған соң менің затым,

Көркемді жұмыр емес жазған хатым.

Салмақтайтын саналы ер табылса,

Атаусыз неге қалсын менің атым», - деген отты өлең жолдарымен түйіндепті.

Бұл өлең жолдарынан Бауыржан Момышұлының ақындық қуатының батырлық болымысындай асқақ екендігін көреміз. Отты жылдарда қан кеше жүріп, қан-терін сарқып, болашаққа аманат ретінде ұлы еңбек қалдырды. Ендеше бүгінгі ұрпақтың аманатқа қиянат жасап осындай кітапты оқымауы үлкен күнә ғана емес, тарихқа жауапкерсіздікпен қарау.

Ендеше қанды соғыстың қатыгез бейнесі шынайы бейнеленген шығарманы назардан тыс қалдырмайық. ҚазАқпарат халықаралық агенттігі бұдан бұрын Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романын назарларыңызға ұсынған болатын. Шығарма оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Біз алдағы уақытта батырдың «Қанмен жазылған кітабын» сіздермен бірге оқуды жөн көріп отырмыз.

Ризабек Нүсіпбекұлы