Аталмыш іс-шаралардың барлығы Қазақ өнер университеті мен Астананың 20 жылдығына арналып отыр. Қазақстан делегациясының құрамында Мәдениет және спорт министрлігі мен зиялы қауым өкілдері, қазақ кино өнерінің көрнекті қайраткерлері мен Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері бар. Канн кинофестивалінде Қазақстан екінші жыл қатарынан ұлттық павильонын құрды. Бұл жолғы байқауға жас дарындарымыздың туындыларын әкелген. Олардың арасында «Ерекше көзқарас» бағдарламасына қатысатын режиссер Әділхан Ержановтың «Ласковое безразличие мира» картинасы мен Синефондасьон («Cinefondation» ) бағдарламасына қатысатын Жанат Алшанованың «Маусым соңы» фильмі бар.
Еске салсақ, «Ерекше көзқарас» бағдарламасы бойынша қазақ киносы бірнеше рет бас жүлдені иеленген еді. 1998 жылы Дәрежан Өмірбаевтың «Киллер» фильмі мен 2008 жылы Сергей Дворцевойдың «Тюльпан» киносы үздік шыққан. Сондай-ақ тәуелсіз кино қауымдастығының бағдарламасында Ольга Коротьконың «Так себе зима» атты тырнақалды кинотуындысымен қатар «Short film corner» бағдарламасында көрсетілетін бірнеше қысқаметражды кино да бар.
«Ұлттық павильонның ашылуына келген көрші елдердің өкілдері мен дос-жарандар қазақстандық киноның қарыштап дамып келе жатқанын айтты. Біз осы Францияда өтіп жатқан фестивальмен қатар азиялық кинолар фестивалі және Нью-Йоркке шақырту алдық. Бірақ, әрине, қазақстандық киноөндірісін қалай насихаттауға болатынын байқаймыз, ал жарнама ретінде Ақан Сатаев пен өзге де режиссерлердің киноларынан трейлер, яғни үзінділерін алып келдік, соның ішінде биылғы жылы «Еуразия» кинофестиваліне қатысатын Әміре Қашаубаев туралы кино да бар»,-дейді «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева.
«Мен кейіпкерімнің қарапайымдылығы мен шынайлығын, оның аңқаулығын көрсеткім келді. Өйткені киноны көрсеңіз, оның маңындағы өзге кейіпкерлердің барлығы экстраверттер, өте жарқын, әсерлі бейнелер. Ал Әміренің образы - шынайы, таза, өз әлемінде өмір сүретін, ерекше талант иесі. Биыл Канн фестивалінде біздің елден 60-қа жуық кинотуынды қатысады. Бұл біздің кино саласында үздіктердің бірі екеніміздің дәлелі. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған продюсерлер біздің павильонға келіп қазақстандық мамандармен танысып, әріптестік байланыс орнатуға ниет білдіріп жүр. Бұл отандық киноның жетістігі әрі болашағының зор екенін көрсетеді»,-деген ойымен бөлісті»,- «Әміре» фильмінде басты рөлді сомдаушы актер
Санжар Мәдиев.
Америкалық кинопродюсер Вальтер Крохмал: «Маған Қазақстан үкіметінің кинематография саласына ақылға қонымды инвестиция салатыны қатты әсер етті. Кино бар жерде тарих пен тарихи тұлғалар ұмтылмайды. Бүгін қазақ мақтан тұтатын елінің бай мәдениетін көрдік. Бұл - қазақстандық киноның бірегейлігін паш етіп тұрған фактор. Мен Қазақстанмен етене танысқым келеді. Сондықтан Сіздердің туындыларыңыз үшін Нью-Йорктегі алаңымыздың есігі айқара ашық»,-дедйі.
Италиялық кинопродюсері Флавио Донинидің айтуынша, Қазақстан - мүмкіндігі мол, әдемі, ғажайып ел.
«Біз Қазақстан туралы кино түсіргіміз келеді. Сол үшін қазақстандық киноиндустриядан өзімізге тең продюсер іздеп жатырмыз. Біз сондай талантты адамды өзіміздің италиялық павильонда күтеміз. Канн фестиваліндегі Қазақстан ұлттық павильонының алғашқы нәтижелері де белгілі болды. Былтыр дәл осында режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовтың «Конокрады» кинокартинасы тың серпіліс әкелген болатын»,-дейді.