Каноэде есуден әлем кубогі: Екі қазақстандық спортшы финалға өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Германияның Дуйсбург қаласында өтіп жатқан байдарка мен каноэде есуден әлем кубогі кезеңінде алғаш болып финалға жолдама алған спортшылар анықталды. Олардың қатарында қазақстандық спортшылар да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметіне сәйкес, жақында ғана әлем кубогі кезеңінен екі медаль иеленген Тимур Хайдаров бүгін тағы да финалистер қатарына өтті. Ол каноэмен 200 метрге жарысудан іріктеу кезеңінде үшінші нәтиже көрсетті.

Сондай-ақ, Виктор Степанов осы қашықтықтағы финалдық сында жүлдеге таласады.

Ақтық бәсекелер сенбі, 1 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен 15:30-да басталады.