«Қансонар – 2022»: Қарағанды облысында тазылар жарысы ұйымдастырылды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының Шашубай кентінде тазылар жарысы өтті.

Жарысқа Қазақстанның барлық аймақтарынан 50-ден астам ит өсірушілер қатысты. Олар төрт аяқты достарының қасиеттерін көрсетіп қана қоймай, арнайы ұйымдастырылған көрмеде тазы тұқымының барлық артықшылықтарын көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қансонар-2022» ұйымдастырушысы – Ақтоғай ауданының тұрғыны Құрмаш Нұрпейісов. Ол нағыз қазақи аңшы иттердің жанкүйері және тәжірибесу мол аңшы.

«Мен ауданның қарапайым тұрғынымын, «Ақтоғай Энерго» кәсіпорнында учаске бастығы болып жұмыс істеймін. Мен тазыларды, аң аулауды жақсы көремін. Менің жеті тазым бар. Жұбайым мен балаларым да менің иттерге деген сүйіспеншілігімді біледі және қолдайды, оларды асырауға көмектеседі. Тазы – отбасымыздың мүшесі іспеттес. Мұндай ауқымды жарыстарды мен бірінші рет ұйымдастырып отырған жоқпын. Мен сондай-ақ осы жарыстардың демеушісі де боламын. Керемет бай емеспін, бірақ бұл шараларға қолдау керек деп санаймын. Себебі, тазы – халық қазынасы, біздің мақтанышымыз. Биыл біз 5 км қашықтыққа жүгіруді ұйымдастырдық. Бұрын 2 және 3 км жүгірістер болған, ал бүгінде біз қазақи тазылардың 5 шақырымды да оңай бағындыра алатынын дәлелдедік», - дейді Құрмаш Нұрпейісов.

Тазының жүгірісінен басқа, иттер көрмесі және бүркітпен аң аулау шаралары ұйымдастырылды. Жарысты қарашай жылқыларын тізгіндеген шабандоздар ашты.

«Бұл бүкіл Шашубай үшін орасан зор іс-шара болды. Барлығы көмектесті. Біздің әйелдер ұлттық жейделерде қонақтарды қарсы алып, тамақтандырды. 5 км жүгіруде бірінші болып жеті тазы келді. Бірінші орынды Балқаштан келген, екінші орынды Қостанайдан, үшінші орынды Көкшетаудан, төртінші орынды біздің облыстан, бесінші және алтыншы орынды Алматыдан әкелген тазылар, және жетінші орынды да біздің өңіріміздің қазықи иті иеленді. Жеңімпаздар қарашай жылқысымен және ірі қара малмен марапатталды. Бірінші орын алған тазының иесіне мен қарашай тұқымды жылқымды, қалғандарына мүйізді ірі қара сыйладым. Жетінші орын үшін ешкі берілді», –дейді жарыс ұйымдастырушысы.

«Қансонар-2022» қатысушылары да назардан тыс қалған жоқ. Олардың барлығы алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды. Алматыдан келген бүркітшілер ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Шашубайда осындай ауқымды іс-шараның ұйымдастырылғанына өте қуаныштымын. Мен Тараздан келдім. Қазір жасым 80-де. Бірақ балалар осында келуді ұсынғанда, мен бірден келістім. 7 жасымнан бастап тазыға, 15 жасымнан көкпарға қатысып, күреспен айналысқанмын. Мұның бәрі біздің байлығымыз, дәстүріміз. Қазақстанда осындай іс-шараларды жандандырып, ұлттық рухты көтеру керек», – деп санайды жарыстың ең қарт қатысушыларының бірі Сәтмақан Жолтаев.