Қант диабеті, онкология, ми жұмысы – Офтальмолог-дәрігерлер көзден қандай ауруды анықтайды

Фото: Фото: ҚР ПІБ баспасөз қызметі

Жыл сайын қазан айының екінші бейсенбісінде Бүкіләлемдік көру қабілеті күні аталып өтеді. Бұл күні көру қабілетінің маңызы туралы түрлі іс-шаралар өтеді. Осы орайда ҚР Президенті іс басқармасының Медициналық орталығының офтальмолог-дәрігері Ырзық Жарылқасынова Kazinform агенттігіне сұхбат беріп, көз ауруларының алдын алу, гаджеттер дәуірінде көз жанарын сақтау жөнінде сұхбат берді.  

− Ырзық Шыңғысқызы, ең алдымен сізді кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Бұл күні республикада қандай іс-шаралар өтеді? Тұрғындарға тегін скринингтер ұйымдастырыла ма?

− Дүниежүзілік көру күні қарттар күнімен сәйкес келеді. Өйткені біз тұтас қазан айында қарттарға қамқорлық жасаймыз, тексеруге шақырамыз, барлық қызмет құнына 10% жеңілдік жасалады. Соның нәтижесі бойынша емдеу мен диагностика түрлеріне жолдама береміз. Алдыңғы жылдары Ашық есік күнін өткізіп тұратынбыз, яғни глаукоманы ерте анықтау, көздің қысымын өлшейтін арнайы күндер болатын.

Сондай-ақ тексеру кезінде біз әрқайсысына пайдалы брошюралар таратамыз. Кейде пациенттерді шақырып, салауатты өмір салты туралы дәрістер өткіземіз. Онда көзі қалай күту керек, тамшыларды дұрыс қолдану, ауруды ерте анықтау бойынша ақыл-кеңес береміз. Қазір бізге басқа өңірлерден, тіпті жақын шет елдерден көптеген адамдар арнайы келеді. Өйткені біздің аурухана өте жақсы жабдықталған және кез келген көз ауруын 100% дәлдікпен диагностикалауға болады.

− Аурухана туралы айтып беріңізші, сіздерде қандай жаңа технологиялар бар? Сосын Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру арқылы қандай қызметтер көрсетіледі?

− Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінде офтальмология бойынша негізінен көз оталары жасалады. Олар – глаукома және катаракта оталары, әртүрлі көзішілік линза үлгілерін имплантациялау арқылы катаракта факоэмульсификациясын жасау және витреоретиналды оталар, шыны тәріздес денені ауыстыру және көздің торлы қабығының бөлінуіне арналған операциялар.

Жоғарыда айтқанымдай, біздің ауруханада ең озық жабдықтар шоғырланған. Біз отырған кабинетте құрылғылардың 20-ға жуық түрі бар. Олардың бәрі Германия мен Жапонияда өндірілген, дәлдігі жоғары, тексеруді жылдам жүргізетін аппараттар.

Мәселен, бізде цифрлық фундус-камера сияқты бірегей құрылғы бар. Ол үшін арнайы көзтамшы қажет емес, қараңғыда көздің қарашығы кеңейеді және камера көз түбін, торлы қабығын толығымен түсіріп үлгереді. Бұл суретті дәрігер ғана емес, пациент те көреді, ондағы салыстыру мүмкіндігі арқылы науқастың өзіне көзде қандай өзгерістер болғанын түсіндіруге болады.

Оған қоса, көру жүйкесінің торлы қабығының ауруларын ерте анықтауға арналған оптикалық когерентті томограф бар. Бұл томограф торлы қабықтың барлық қабатын зерттейді, яғни біз торлы қабықтың микронға дейін жұқарғанын немесе қалыңдаған, ісіну, қан құйылу болған-болмағанын біле аламыз және емдеуден кейін қандай өзгерістер болғанын егжей-тегжейлі көре аламыз. 

Фото: ҚР ПІБ баспасөз қызметі

− Дені сау адамдар жылына неше рет көзін тексертіп тұру керек? Есіңізде қалған қиын ота немесе ерекше жағдайлар болды ма?

− ХХІ ғасырдың негізінен визуалды жүктемемен байланысты екенін, гаджеттердің өмірімізге дендеп енгенін ескерсек, балалар мен ересектер жылына бір рет көзін тексертуі керек деп есептеймін. Бірақ 40 жастан асқанда түрлі аурулардың пайда болу қаупі бар, сондықтан көзге қандай да бір шағым болса, бірден дәрігерге жүгінген жөн. Глаукома макулодистрофиясы сияқты ауруларды жылына 2-3 рет тексеріп тұрамыз.

Сосын көз тамшыларын қатаң түрде дәрігер кеңесімен ғана алу керек. Көптеген адамдар көзі ауырса, дәріханаға барып, фармацевтен тамшы сұрайды. Ал фармацевтің офтальмологиялық білімі жоқ, көп жағдайда дұрыс таңдап бере алмайды. Мысалы, науқастың көзі қызарса, инфекция түсті ме, құрғап кетті ме әлде көз шаршады ма – нақты себебін анықтау керек. Ал дәріханалар жай ғана тамыр тарылтатын тамшыларды береді. Пациент көздің уақытша жақсарғанына қуанады, бірақ оның артында басқа өзгерістер жатады. Яғни мұндай ұзақ тамшылары үзбей қолданса, көздің қан айналымы бұзылады және құрғатып жібереді. Сондықтан тамшылар дәрігердің нұсқауымен ғана ұсынылады.

Біздегі оталарды Көз микрохирургиясы бөлімі жасайды. Мен негізінен отаға дейін және кейін көзде қандай өзгерістер болатынын бақылап отырамын. Әрине отадан кейін барлығының дерлік көру қабілеті жақсарады. Дегенмен «Академик ауруы» деген қызық құбылыс туралы айтып берейін. Бұл аурумен негізінен жоғары білімді адамдар, ми жүктемесі жоғары, басшылық қызметтегі, есепшілер мен оқытушылар жиі ауырады. Оларда 65 жастан кейін қарттыққа байланысты макулодистрофия байқалады, яғни олар көздің бұлдырауы, ештеңе оқи алмау, қара дақ немесе заттардың бұрмаланып көрінгенін айтып шағымданады. Біз оларды аппараттар арқылы зерттейміз, қан кету, ісіну бар-жоғын анықтаймыз. Егер дымқыл түрі болса – көзге арнайы ине егеміз, ангиогенез ингибиторларын енгіземіз, содан кейін ісіну жоғалады, науқастар қалыпты көріп, оқи бастайды. Ал егер құрғақ түрі болса, көзге жаттығулар жазып береміз, құрамында лютеині бар дәрі-дәрмек пен тағамдарға кеңес береміз. Қан айналымын жақсарту үшін күніне 10 мың қадамға дейін қозғалуды ұсынамыз.

Бұл жерде көздің тұтас ағзамен тығыз байланысты мүше екенін баса айтқым келеді. Адамның көзі сау болмаса, денесі де сау емес. Тіпті ағзадағы қант диабетін ең алдымен офтальмолог дәрігерлер көздің қаңтамырлары арқылы байқайды. Одан басқа, онкология, мидың өзгеруі, атеросклероз сынды ауруларды офтальмологтар бірінші болып көреді.

− Қазіргі уақытта елімізде қандай көз аурулары кең таралған? Қандай да бір статистика бар ма?

− Иә, ондай статистика бар, су жаңа деректерді қазір айта алмаймын, бірақ соңғы 2-3 жылда жастар мен балалар арасында рефракция аномалиясы күрт өскен. Яғни бұл миопия (алысты нашар көру), астигматизм, сығырлық, гиперметропия аурулары. Олар немен байланысты? Біріншіден, үлкен жүктеме, 1-сыныптағы балалар онлайн режимде оқиды, гаджетте, компьютер алдында ұзақ отырады, күндізгі жарықтың өзі көзге көп салмақ салады. Балалардың компьютеріне, гаджетіне тыйым салу мүмкін емес, себебі бұл – заман ағымы.

Біздің кез келген мүшеміз құбылмалы режимде жұмыс істейді, яғни бұлшықет тырысса, оны босаңсыту, тыныс алу мен тыныс шығару секілді шаршаған көзді де жиі демалдыру керек, жыпылықтап, көзді қатты жұмып, шағын жаттығулар жасауға болады. Көзге арналған тағы бір жақсы жаттығу – алысқа қарау. Ал компьютерме жұмыс істейтін кеңсе қызметкерлері әр 45 минут сайын су ішкен жөн, көзді ашып-жұмып немесе жыпылықтатуы да пайдалы. Сондай-ақ адам ұзақ уақыт бойы желдетілмейтін, жасанды жарықтандырылған бөлмеде болса, көз құрғай бастайды, мұндай жағдайда көзді ылғалдандырып, құрамында гиалурон қышқылы бар арнайы тамшы алуға болады.

Қазір балаларда туа бітті астигматизм көп кездесетіні айтылып жүр. Жалпы, көру қабілетінің нашарлығы тұқым қуалай ма?

− Қазақстанда туа бітті астигматизм бар. Бірақ оның мөлшері шектен аспаған, оларды дұрыс диагностикалау қажет. Иә, генетика біздің денсаулығымызды 30% дейін әсер етеді деп есептеледі, яғни әке мен ананың 23 хромосомасы әртүрлі комбинацияларда жиналуы мүмкін, тіпті егіздерде бұл гендер қандай комбинацияда болатыны белгісіз. Бірақ бұған ықпал ететін сыртқы факторлар да бар. Мысалы, туабітті астигматизм көз қабығының формасының өзгеруіне байланысты. Бірақ бұл көбінесе ұрықтың жатырда орналасуына, босанудың кесарь тілігі немесе табиғи жолмен болуына, омыртқасына байланысты, егер мойынның қисаюы болса, бір көз екіншісінен әлсіреуі мүмкін. Көз үшін ұйқы да өте маңызды, біз баланың қалай ұйықтағанын, түні бойы гаджетпен отырмағанын анықтап сұраймыз. Сыртқы формасы бойынша шынтағы мен иығының түзулігіне қараймыз, өзгерістер болса, остеопатқа немесе мойын-алқым массажына жібереміз. 

Фото: ҚР ПІБ баспасөз қызметі

− Жас аналарға, жүкті әйелдерге баланың көру қабілеті жақсы болуы үшін қандай кеңес берер едіңіз? Сәбізді көп жесе, көру қабілеті шынымен жақсарып кете ме әлде бұл миф пе?

− Анығында, сәбізді жеу көру қабілетін түзетпейді, бірақ көздің жақсы көруіне мүмкіндік береді және витамин алудың бір түрі ғана, өйткені оның құрамында каротиноидтер бар. Мәселен, соғыс уақытында ұшқыштарға ұшар алдында бір стақан қаражидек жегізгені айтылады, өйткені қаражидекте лютеин көп және бұл ымырт кезінде көруді жақсартады деп ойлаған.

Қазір көптеген жас ана бала жыламауы үшін қолдарына ұялы телефонды беріп қояды. Баланың көзі әлі жақын қашықтықтағы жүктемеге бейімделмеген, сондықтан көру қабілеті күрт нашарлауы мүмкін. Баланың өзі +4 гиперметропиямен дүниеге келеді, ол бәрін үлкейтілген түрде бұлыңғыр етіп көреді және бір жасқа толғанша барлық затты төңкерілген күйде көреді. Сондықтан балаға түрлі түсті үлкен ойыншықтар алу қажет. Оны жақын жерге емес, алыстау етіп ілген жөн, қараңғы емес, жарық жерде ойнауы керек. Көбірек серуендеп, алыс қашықтықтарға қарауы керек, көшеде ағаштарға, құсқа қараса, көзі талмайды. Ал егер телефонға, жақын заттарға көп қараса, яғни үйден шықпаса, көзге шамадан тыс жүктеме түседі.

Оған қоса, бала барлық дәруменді уақытында алып отыруы керек. Ана сүтімен емізу өте пайдалы болмақ. Одан кейін де қосымша тамақ түрінде көкөністер, жемістер, ет түрлерін рационға қосып отыру қажет. Балалар да, ересектер де жеткілікті кальций алуы керек, ол үшін сүт, сүзбе, ірімшік жеу керек. Ақуыз алу үшін ет, тауық еті, балық тұтынған жөн. Түрлі түсті жемістер мен көкністерде көптеген дәрумен бар. Кальций бізге мықты сүйектер мен ақуыз қабығын береді, ал басқа компоненттер көз торының жұмысына жақсы әсер етеді.

− Көз туралы тағы қандай мифтерді айтар едіңіз? Мәселен, дәнекерлеу-балқыту жұмыстарына қарауға болмайды деп жатады. Сосын көзге шай пакеттерін басатындар бар...

− Иә бұл рас, дәнекерлеуші мамандар көз қабығын күйдіріп алмау үшін арнайы көзілдірік киеді. Егер кенеттен үй жағдайында күйік пайда болса, шаймен немесе салқын сумен дымқыл дәке басу керек. Мұндай жағдайда картопты үккіштен өткізіп, қоймалжыңын көзге қойса, ісінуді, тітіркенуді қойдырады. Көздің маңызды нұктелері тобық жақта да бар. Сондықтан көз қысымы жоғары адамдар аяғын ваннаға салып, тобық айналасына массаж жасай алады. Әрине күрделі жағдайларда дәрігерге жүгінген жөн.

Компьютерге арналған көзілдіріктер де миф емес, шынымен пайдалы. Гаджет экрандарына қарағанда көзді жыпылықтатуды азайтамыз, ал табиғатта көз жасы қабаты жаңаруы үшін 4 секунд сайын көзді қағып отыру керек. Осылайша адамда құрғақ көз синдромы немесе компьютерлік синдром пайда болады, алыстан нашар көре бастайды. Түбіндегі нәтиже – миопия және көзілдірік болмақ. Компьютер көзілдірігі сапалы әйнекпен, жарқырауға қарсы, көк түсті толығымен бұғаттайтын болса, көзді жақсы қорғайды.

− Тағы бір өзекті тақырыптардың бірі лазерлік ота болып отыр. Ол жөнінде дау-дамай көп, бірі отаны жүктілікке дейін, екіншісі – босанғаннан кейін жасауға кеңес беріп жатыр. Бұл ота жөнінде толығырақ айтып беріңізші?

− Лазерлік түзету – астигматизмді, рефракция аномалиясын емдеудің заманауи әдісі. Бірнеше минутта көзілдіктен арылу туралы жарнамасы өте белсенді жүріп жатыр. Бірақ лазерлік ота жасатуға болмайтын қатаң көрсетілімдер де бар. Ең алдымен толық тексеруден өтіп, көздің мөлшерін, жақыннан көрушіліктің кең таралмағанын анықтап алған жөн. Сосын 18-21 жасқа дейін көз қалыптасады, сондықтан отаны 21 жастан кейін жасатқан дұрыс. Көз орныққтан және 2 жылда көз ауруы өршімеген болса, пациент лазерлік түзетуге жіберіледі.

Ал егер көз қабығы тым жұқа, көру қабілеті жылдам нашарлаған адамдар барлық офтальмологиялық тексеру жасатқаны жөн, ультрадыбыстық тексеру мен пахиметрия жасатуы керек. Жүктілікке қатысты дәрігерлердің пікірі екіге жарылды, дегенмен мамандардың көпшілігі лазерлік түзетуді жүктілікке дейін жасатуға кеңес береді. Өйткені офтальмолог торлы қабықтың бір бөлігіне ғана емес, бекітілген жеріне де қарайды. Қандай да бір әлсіз жерлер болса, лазермен нығайтады. Содан кейін көру қабілеті нашар болған қыздар да табиғи жолмен босана алады.

Жасанды кірпік, перманентті татуаж, блефаропластика сынды сұлулық процедуралары көру қабілетіне әсер ете ме?

− Егер бұл процедуралар сауатты жасалса, онда олар көзге әсер етпейді. Бұл – көздің жанындағы косметикалық процедура. Блефаропластика көзді құрғатуы мүмкін, себебі көз мөлшері әдеттегіден ұлғаяды да, термомагиналды бездердің қысымы да артады. Жастарда аса көп қиындық туындамауы мүмкін. Aл 40 қырық жастан кейінгі ота болса, құрғақтық сезілсе, өз дәрігерімен кеңесіп, көзді ылғалдандыратын тамшы алуы керек шығар.

Барлық офтальмолог айлар бойы тұратын жасанды кірпіктерге қарсы, тіпті өте таза жабыстырылған кірпіктің өзі үлкен өзгерістер тудырады. Жасанды кірпік жабыстырылатын жерде мейбомий бездерінің жолдары бар. Олар көздің шырышты қабаты кеуіп қалмау үшін әр 4 секунд сайын көз жыпылықтағанда май бөліп отырады. Жасанды кірпік ұзақ тұруы үшін әйелдер су тигізбеуге тырысып, аз жуынады. Терінің майы да бөлінуін тоқтатпайды, осылайша демодекс кенелерінің тірішілік етуіне өте қолайлы орта жасалады. Бұл кенелер кірпікті жейді, көз айналасын қышытады, арты қабынуға ұласуы мүмкін. Сондықтан, жасанды кірпікті аз уақытқа жабыстырып, міндетті түрде макияж кетіретін сұйықтықтармен кірпіктің желімі мен майын жақсылап кетіру керек. Көздің айналасына майлы кремдер қолдануға болмайды, өйткені бұл да кененің көбеюіне ықпал етеді. Жалпы көз айналасына арналған кремдер сұйықтау болады. 

Фото: ҚР ПІБ баспасөз қызметі

Сұхбат соңында өзіңіздің өмір жолыңыз туралы білгіміз келеді. Офтальмология саласын таңдауға не себеп болды? Көз ауруларын емдеуде Қазақстан қай деңгейде тұр?

− Мен 1989 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келемін, 35 жылға жуық еңбек өтілім бар. Бала кезімнен қуыршақтардың көзіне ине егуге тырысып, ота жасап ойнайтын едім. Қарағандыдағы көз аурулары кафедрасына оқуға келіп, көз түбін алғаш көргенімде тұтас планетаны көргендей әсер алдым. Адамның көзі арқылы бүкіл ағзасының жай-күйін білуге болады. Ғарышкерлерді немесе әскери қызметшілер мен спортшыларды іріктеу кезінде иридодиагностика әдісіне сүйеніп, көздің нұрлы қабығына қарайды. Оқудан кейін Шымкент қаласындағы көз ауруханасына жұмысқа барғанымды өмірімдегі үлкен сәттілік деп есептеймін. Өйткені онда 160 төсек-орын болды. Балалар бөлімі, арнайы глаукома бөлімі, катаракта бөлімі, жарақаттар мен қабыну секілді барлық бөлімде құнды тәжірибе жинақтадым, аға мамандардың тәлімін алдым. Кейінірек, Челябі, Санкт-Петербург, Мәскеу, Киев қалаларында біліктілігімді арттырдым. Мамандығымды өте жақсы көремін. Өйткені көз – ең аяулы, ең әдемі, еғ нәзік әрі ең маңызды мүшеміз.

Қазақстандағы офтальмология өте жоғары деңгейде деп айта аламын, тіпті кейбір пациенттер бізге Финляндиядан, Америкадан, Германиядан келеді. Өйткені шетелде медицина өте қымбат, ал бізде тиімді бағаға толық диагностикалық, сапалы қызмет көрсетіледі. Шетелде олар жай ғана сипаттама қағазын алуы мүмкін. Ал біздің дәрігерлер диагнозды жан-жақты түсіндіріп, ем соңына дейін қолдау көрсетеді. Мұндай қарым-қатынасты шетелдіктер өте жоғары бағалады.

Офтальмология аясы тар мамандық болғандықтан, елімізде кадрлар тапшылығы бар деп ойлаймын. Дәрігердің жалақысы өте төмен болған жылдары жастарымыз мұнай, экономика, заң салаларына кетіп қалды. Медицина саласын таңдаған жастар да стоматология, пластикалық хирургия сияқты ақшалы жерге барғысы келеді. Сондықтан көз саласына өз мамандығын шексіз сүйетін жандар келеді. Адам ақпараттың 98%-ын көз арқылы алады. Егер көз жақсы ақпарат алса, ми да жақсы жұмыс істейді. Сондықтан балаларды бір орында ұстап отырмай, көбірек қыдыруды, саяхаттауды, жаңа орындарды көрсетуді ұсынамын.

− Әңгімеңізге рақмет!