Қант диабетімен ауыратын әйелде шала туу ықтималдығы 5 есе жоғары

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Диабет – қан құрамында қант мөлшерiнiң көбейiп кетуiнен пайда болатын дерт. Бұл аурумен жас та, кәрi де ауырады. Әсiресе, жүкті кездегi диабет қиын, сондықтан ауырғандарға арнаулы емшара қолдану ұсынылады. Бұл туралы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ №1 терапия бөлімшесінің эндокринологі Балнұр Сұлтанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің сөзінше, қант диабетімен ауыратын жүкті әйелдер, өмірге сау бала әкеле алады. Бірақ, ықтимал асқынулар бар.

«Егер 1 немесе 2 типті қант диабеті диагнозы қойылса, қауіп жоғары болуы мүмкін, яғни салмағы үлкен нәресте қиын босанудың қаупін арттырады. Тіпті, түсік түсуі мүмкін. Егер де қант диабетi ауруын емдемесе, бұл жүктi әйелдiң де, iштегi баланың да денсаулығына айтарлықтай зиянын тигiзедi. Мәселен, бала дүниеге келгеннен кейін жүрек және тыныс алу проблемалары, семіздік немесе қант диабетінің дамуы, туа біткен жүрек пен жүйке жүйесінің ауытқулары болуы, тіпті өлі тууы мүмкін. Қант диабетімен ауыратын жүкті әйелдерде шала туу ықтималдығы 5 есе жоғары», - дейді дәрігер.

Сонымен қатар, ол жүктілікке дейін және жүктілік кезінде қант диабетін дұрыс басқару бұл қауіптерді азайтуға көмектесетінін атап өтті.

«Жүктілікті жоспарлау керек. Жүктілік алдында, жүктілікті жоспарлау жөнінде эндокринологтен кеңес алу қажет. 3 айда 1 рет гликирленген гемоблобинге тест тапсыру қажет. Егер 6,5%-дан деңгейді төмен түсіре алмасаңыз, сізге және сіздің балаңызға асқыну қаупін азайту үшін оны мүмкіндігінше жақындатуға тырысыңыз. Егер оның деңгейі 10%-дан жоғары болса, ол нысаналы мәндерге жақындағанша жүкті болуға тырыспауға кеңес береміз», - дейді Балнұр Сұлтанова.

Сондай-ақ, эндокринолог қант диабетімен ауратын әйелдерге бірқатар ұсыныс айтты.

«Егер сізде қант диабеті болса және жүкті болғыңыз келсе, күніне 5 мг фолий қышқылын жүктіліктің 12-аптасына дейін қабылдау керек. Фолий қышқылын қабылдау баланың омыртқасының ыдырауы және диабеттік фетопатия сияқты туа бітетін ақаулардың дамуын болдырмауға көмектеседі. Егер қант диабетін бақылау үшін дәрілер қабылдасаңыз, инсулин инъекциясына ауысуыңыз керек. Жүктілік кезінде қандағы глюкозаны жиі бақылау қажет, өйткені жүктілік кезінде жүрек айнуы мен құсу оның деңгейіне әсер етуі мүмкін. Дәрігер немесе акушер бұл туралы кеңес бере алады», - деді Балнұр Сұлтанова.

Сонымен қатар, жүктілік кезінде диабеттік ретинопатия белгілерін анықтау үшін көзді үнемі тексеру қажет. Егер ол ерте анықталса, оны емдеуге болады. Циклоскопия жасалуы керек.