Қант қызылшасының сапасыздығынан зауыт шығынға ұшырайды - қауымдастық президенті
«Өткен жылы фермерлер өз өнімдерін зауытқа өткізгеннен кейін үшінші күні ақшаларын алды. Бізде фермерлерге қатысты мәселе бар. Мәселен, былтырғы қант қызылшасының сапасы өте нашар болды. Қызылша шіріген, қоқыс араласқан. Одан қант шықпайды», - деп мәлім етті Айжан Абақанқызы.
Айтуынша, зауытқа тас пен өзге де бөгде заттар араласқан өнім тапсырылады.
«Қазір фермерлер қызылшаны комбайнмен жинайды. Техника қызылшамен бірге тастар мен суаруға арналған шлангыларды да жинап алады. Кейін оны зауытқа әкеледі. Мұндай өніммен жұмыс істеу қауіпті. Өйткені, қант қызылшасымен бірге келген қоқыстар мен шлангылар зауыттың өңдеу желісіне түседі. Тиісінше, барлық құрылғыларды зақымдайды. Нәтижесінде зауыт барлық процесті тоқтатуға мәжбүр болады. Бұл шығын фермерлерге емес, зауытқа ауыртпашылық салады», - деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Айжан Абақанқызы су болмаса, қант қызылшасы алқабын кеңейтудің маңызы жоқ екенін айтқан еді.
Фото: agronom.com.ua