Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн брифингі барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, ҰБТ-да шекті балды 81%-ға жуық талапкер жинады. Орташа бал – 71. Бұл республика бойынша нәтижеден 2 балға жоғары. Ең жоғары балл – 134.
«2024 жылғы қаңтар ҰБТ-сының қорытындысы бойынша талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнін өте жақсы тапсырды. Орташа есеппен, сұрақтардың 78%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физиканы» тапсырған талапкерлер тек 36%-ы тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін «Салыстырмалылық теориясының элементтері» тақырыбы қиын болды», - деді Наужан Дидарбекова.
Айтуынша, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында қаңтар ҰБТ-сына 41 бала қатысты. Алматыда қаңтар айында 21 мыңнан астам адам ҰБТ тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін қаңтар айында 134 мыңға жуық талапкер ҰБТ тапсырғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ талапкерлерге ҰБТ уақытын еске салатын SMS-хабарлама жолданатыны хабарланды.