Қаңтар айында Астанада болған екі адам өлтіру қылмысы ашылды

АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қаңтар айында Астанада екі адам өлтіру қылмысы орын алып, оның екеуі де ашылды.

Бұл туралы бүгін Астана қалалық Ішкі істер департаментінде өткен апталық брифинг барысында Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Төлебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, былтыр да осыған сәйкес мерзімде 3 адам өлтіру оқиғалары тіркелген.

Сондай қылмыстардың бірі қаңтардың 6-сы күні елордадағы «Достық» саяжайларының бірінде болды. 1965 жылы туған қырғыз елінің тумасы, Астана қаласының тұрғыны Г. есімді азамат 1959 жылы туған Шортанды ауылының О. есімді тұрғынына пышақ салған. Олар «Достық» саяжайларының бірінде бірге спирттік ішімдік ішіп отырған жерде араларында дау туып, оның соңы төбелеске ұласады. Сол кезде күдікті жәбірленушінің мойнын пышақпен осып жіберген. Кісінің мәйітін жасыру мақсатында денені бөлшектеп, қаңырап тұрған бос саяжайлардың бірінің жертөлесіне апарып көмген. Күдікті адам қылмысын мойнына алып, тергеушілерге оқиғаның қалай болғандығын айтып берді.

М.Төлебаевтың айтуынша, күдікті бұрындары сотталған. Егер оның кінәсі толық дәлелденсе, сот оны 10-нан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кеседі.