Қаңтар: бұл жерде ешкім ерлік көрсеткен жоқ, біз өз жұмысымызды атқардық – Алматы дәрігерлері

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қаңтар оқиғасының қайғылы күндерінде қазақстандық дәрігерлер зардап шеккендерге тәулік бойы көмек көрсетті. ҚазАқпарат тілшісі «Қаңтар» арнайы жобасы аясында дәрігерлердің оқиғаларын жазып алды.

Дүрбелең күндері жаралыларды аман алып қалғандардың бірі – №18 қалалық емхананың бас дәрігері Пархатжан Надыров.

«Сол күні таңертең, 5 қаңтарда ештеңеден күдіктенбестен, бәріміз жұмысқа шықтық. Әртүрлі әңгіме шыға бастады. «Алтын Орда» базарының маңында жұрт жиналып жатыр дегенді естідік. Қалалық денсаулық сақтау басқармасына хабарластық, олар жағдайға қарай әрекет ету керектігін айтты. Түске жақын қалада дүрбелең басталғаны белгілі болды мен жүргізуші мен кезекші дәрігерлерден басқасын түгел үйлеріне жібердім», - деп есіне алды ол.

Қалада қоғамдық көлік жұмысын тоқтатқанын білген Пархатжан Надыров қызметтік көліктің руліне өзі отырып, үйлеріне тез жетсін деген оймен кейбір қызметкерлерін апарып тастауды ұйғарды.

«Біз Саин көшесімен төмен қарай түсе бастадық. Төле би көшесіне жетпей, жолда бірдеңе өртеніп жатқанын көрдім. Соған жақын жерде терезелері шағылған КамАЗ жүк көлігі тұрды. Сосын көпірге қарай бет алдық, ол жерде екі әскери КамАЗ өртеніп жатқанын байқадық, бірі көпірдің үстінде, екіншісі сәл алыстау жерде еді. Содан кейін Райымбек даңғылының бойымен жылжыдық, бізге қарай бір топ адам келе жатты. Жолды көліктермен жауып тастапты, біз автовокзалға қарай кеттік. Жолда өртке оранған автобустарды көрдік. Адамдар тас лақтырды, кейбіреуінің қолында сұйықтық құйылған бөтелкелер болды. Кешке қарай орталық және №4 қалалық клиникалық ауруханадағы әріптестеріме хабарластым. Олардан қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына дәрігерлер қажет екенін білдім. Мен сонда бардым», – деп әңгімесін жалғастырды дәрігер.

Айта кетейік, Пархатжан Надыров – білікті тамыр хирургы.

«Науқастарды 8 қаңтарға дейін төрт күн бойы қабылдадық. Біз сонда түнеп, ешқайда шыққан жоқпыз. Алғашында аяусыз соққыға жығылғандар, пышақ жарақатын алғандар түсті, кейін оқ тиіп жараланған адамдарды қабылдай бастадық. Олардың арасында тәртіп сақшылары, бейбіт тұрғындар да болды. Біз дереу операция жасап, олардың өмірін сақтап қалуға тырыстық. Науқастар өте көп болды, олардың арасында 4 жасар қыз да бар еді, өкінішке қарай, ол оқ тигеннен қайтыс болды. https://kaz.inform.kz/news/almaty-akimi-bulik-kezinde-koz-zhumgan-buldirshinnin-otbasyna-bardy_a3885861 Біздің аурухананы күзетуге жігіттер келгені есімде. Одан бөлек, бізді қорғауға интернационалист-жауынгерлер де келді. Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы толық құрамда соңына дейін жұмыс істеді, көмектесті, ауруханада түнеді», - деп атап өтті спикер.

Дәрігер өз тәжірбиесінде алғаш рет күніне осынша пациент қабылдағанын тілге тиек етті.

«Мен бірінші рет осындай жағдайда операция жасадым. Бұл бірінші және соңғысы деп үміттенемін. Хирург ретінде кәсіби міндетімді атқардым. Мен мұнда ешқандай ерлік көрмеймін, біз өз жұмысымызды атқардық», - деді ол.

Бұл кезде мегаполистегі барлық емдеу мекемелері күшейтілген режимде қызмет көрсетіп жатты. Солардың қатарында №4 қалалық клиникалық аурухана да бар. Дүрбелең күндері жұмыс орнында болған аурухананың барлық қызметкері кәсіби борышын адал атқарды. Соның бірі - ортопед дәрігер Бауыржан Нұралиев.

«Мені жұмысқа қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні шақыртты. Үйден бірден жиналып шықтым. Көшенің бәрі жабық еді. Райымбек пен Б. Момышұлы көшесінің бойында жастар көп болды. Мен жұмысқа дейін бір сағаттан астам уақыт жүрдім. Аурухананың дәрігерлер бригадасы толық жұмысқа шықтық»,- дейді ол.

«Дәрігер қандай жағдай болмасын, кез келген сәтте науқас кім екеніне қарамастан көмек көрсетуге міндетті. Бізге түскендердің басым бөлігі әлі оң-солын танып үлгермеген жастар еді. Олардың ішінде аяқ-қолы сынған, кеуде, бас жарақаттарымен және оқ тиіп түскендер көп болды. Жарақат алғандардың ішінде бір адам есімде қалды. Жасы шамамен 50-ден асқан ер адам болатын. Оның аяғына қолдан жасалған жарылғыш зат түскен. Дәрігерлер, өкінішке қарай аяғын кесуге мәжбүр болды. Сол қиын күндерде өз міндетіне адалдық танытып, келген науқастарға жанұшыра қызмет көрсеткен барлық әріптестерімді мақтан тұтамын»,- деді Бауыржан Нұралиев.

Редакциядан

ҚазАқпарат ұжымы Қаңтар қасіреті кезінде қайсарлық көрсеткен нағыз қаһармандар жайлы жазуды жалғастырады. Қызметтік борышын орындау кезінде елік, өжеттік танытқан қазақстандықтар жайлы оқырманға жеткіземіз.

Бізге мына электронды пошта арқылы хат жазуға болады:

kazred@inform.kz

rusred@inform.kz

Бізбен әлеуметтік желілер арқылы да байланысуға болады:

Telegram: @qazaqparat_kz, @kazinform_news

Facebook: @KazakparatKZ, @Казинформ

Instagram: @qazaqparat_kz, @kazinform.

Қаңтар қасіреті жайлы айтылмаған оқиға қалмауы керек.


Басты фото: REUTERS

Соңғы жаңалықтар