Қаңтар хронологиясы: Оқиға қалай өрбіді

Фото: Фото: "Қаңтар хронологиясы" деректі фильмінен алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM — 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары Қазақстан тарихындағы жаңа бетбұрыс кезеңі болды. Газ бағасының қымбаттауына қарсылық тұтас ел бойынша бірнеше мың адам қатысқан наразылықтарға ұласты; кейбір бейбіт демонстрациялар тәртіпсіздіктерге айналды. Kazinform агенттігі оқиғаның хронологиясын жинақтап көрді.

ҚР Бас прокуратурасы жасаған оқиғалар хронологиясы бойынша, 2022 жылғы 1 қаңтарда сағат 17:20–да Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында әкімдік ғимаратының жанына жергілікті тұрғындар жинала бастады. Жиналудың себебі — сұйытылған газ бағасының күрт қымбаттауына наразылық. Өндірушілердің электронды саудаға көшуі салдарынан газ бағасы екі есеге өскен еді. Ақтау, Жаңаөзен және Маңғыстау аудандарында сұйытылған газдың орташа бөлшек бағасы литріне 100-120 теңге болды.

Фото: «Қаңтар хронологиясы» деректі фильмінен алынған кадр

Осы күні сағат 18:00–де тұрғындар сұйытылған газ бағасын төмендету талабымен ел басшылығына бейнеүндеу жазды және үйлеріне тарады.

2 қаңтар күні наразылыққа шыққандардың саны жүздеген адамнан асты, қатысушылар ішкі автожолдарды бөгеді.

Фото: «Қаңтар хронологиясы» деректі фильмінен алынған кадр

3 қаңтардан бастап наразылық акциялары басқа қалалар мен өңірлерге де тарала бастады. Сол күні Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында елдің басқа 7 өңірінде (Атырау, Ақтөбе облыстары, Астана, Алматы қалалары, Батыс Қазақстан, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары) бейбіт митингілер өтті.

Фото: «Қаңтар хронологиясы» деректі фильмінен алынған кадр

4 қаңтарда митингілер жалғасып, наразылық орын алған өңірлер саны 11-ге дейін артты. Ал қатысушылардың саны күрт өсіп, 37 мың адамға жетті. Алматы және Шымкент қалаларында қарулы шабуылдар, тәртіпсіздіктер, өрт қою, соның ішінде қызметтік көліктерді өртеп жіберу әрекеттері болды.

Фото: «Қаңтар хронологиясы» деректі фильмінен алынған кадр

Алматыда «Алматы Арена» спорт кешенінің жанына жиналған шамамен 5 мың адам қала әкімдігі ғимаратына бет алды, сол жерде полиция қызметкерлерімен қақтығысқа түсті. Жалпы саны 6 полиция автокөлігі өртенді, ал Ұлттық гвардияның 5 әскери қызметшісі мен 15 полиция қызметкері жарақат алды. Шымкентте полицияның 21 көлігіне зақым келтірілді.

Фото: «Қаңтар хронологиясы» деректі фильмінен алынған кадр

Осы күннен бастап құқық қорғау органдары өз қызметкерлері мен әкімшілік ғимараттарға шабуылдарды тойтару үшін өлімге әкеп соқпайтын құралдарды қолдана бастады.

5 қаңтар күні елдің 11 өңірінде тәртіпсіздіктер мен ғимараттарды басып алу әрекеттері жалғасты. Қатысушылар саны 50 мыңға жетті. Түнде террористер Алматы қаласы әкімдігі ғимаратын және «Алматы» халықаралық әуежайын басып алды. Алматыда тәртіпсіздіктер мен қарулы шабуылдардың жалпы саны 20 мыңнан асты. Қызылорда қаласында шабуыл жасаушылар 9 автокөлікті өртеп, бір әскери қызметшіні көлікпен қағып өлтірді. Белгісіз бір топ әскери қызметшілерден автомат пен екі тапаншаны тартып алған.

Фото: «Қаңтар хронологиясы» деректі фильмінен алынған кадр

Талдықорғанда шабуыл жасаушылар облыстық әкімдік, полиция және ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимараттарын басып алды.

Фото: «Қаңтар хронологиясы» деректі фильмінен алынған кадр

Сонымен бірге, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл облыстарындағы әкімдік ғимараттары күшпен алынды.

Азаматтарға төнген қауіп-қатерге байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында Төтенше жағдай режимін енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ, Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстары секілді басқа өңірлерде де ТЖ режимі енгізіліп, коменданттық сағат белгіленді.

Фото: «Қаңтар хронологиясы» деректі фильмінен алынған кадр

Сол күні Президент Жарлығымен Үкімет таратылды. Премьер-Министр міндеттерін уақытша атқару Әлихан Асханұлы Смайыловқа жүктелді.

Сонымен бірге, Жаңөзендегі газ өңдеу зауытының директоры және сығымдалған газды электронды сауда бойынша алаңның басшысы ұсталды.

6 қаңтар күні Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар шұғыл тапсырмалар берді. Оның ішінде:

· Оқиғаның себептері мен кінәлілерді анықтап, оларды қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және басқа да құзырлы құрылымдар өкілдерінен арнайы тергеу тобын құру.

· Қарулы күштерге, ҰҚК, ІІМ, ұлттық гвардияға және басқа да күштік құрылымдарға — жауынгерлік дайындық пен жабдықтауды арттыру, әскери қызметшілердің моральдық рухын қолдау шараларын жүргізу;

· Өңірлердің әкімдіктеріне — полиция және қарулы күштер қызметкерлерінің қаза болған отбасыларына лайықты материалдық қолдау көрсетуді қамтамасыз ету;

· Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Ішкі істер министрліктеріне — 1414 call-орталығы базасында қылмыстық топтардан зардап шеккендер мен жоғалған адамдар туралы ақпарат беру үшін тікелей желі ұйымдастыру; Тәртіпсіздік салдарынан келген шығынды бағалау үшін комиссиялар құру, жағдай тұрақталған соң, Алматы қаласы мен басқа өңірлерде әкімшілік ғимараттарды, әлеуметтік нысандарды және тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын бастау;

· Әкімдерге — коммуналдық қызметтердің, қоғамдық көліктің және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жұмысын тұрақтандыруды қамтамасыз ету;

· Алматы қаласы мен басқа өңірлерде қылмыстық әрекеттерден зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету шараларын қабылдау;

· Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне — жағдай тұрақталған соң екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржы ұйымдарының тұрақты және үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету;

Фото: «Қаңтар хронологиясы» деректі фильмінен алынған кадр

· Дипломатиялық өкілдіктерді, сондай-ақ шетелдік инвестициялар мен шетелдік компаниялардың бизнес субъектілерін қорғау бойынша шаралар қабылдау;

· ҚР Сыртқы істер министрлігіне — шетел мемлекеттерімен, халықаралық ұйымдармен және басқа серіктестермен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың барлық мәселелері бойынша тұрақты байланыстарды қамтамасыз ету.

Сол күні Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен елде терроризмге қарсы операция жүргізу туралы жарияланды. Операцияның негізгі мақсаты — ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерді жою және азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғау болды.

Тек осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен қарулы күштер террористерді жою үшін атыс қаруын қолдануды бастады.

Алматыда террористердің «Көктөбе» телемұнарасын және ҰҚК Шекара қызметі академиясын басып алу әрекетінің алды алынды. ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен Қазақстанға шектеулі мерзімге ҰҚШҰ ұжымдық күштері құрамындағы контингенттер жіберілді. Бітімгершілік күштерінің міндеті тек стратегиялық нысандарды қорғау болды, олар терроризмге қарсы операцияларға қатыспады.

Фото: «Қаңтар хронологиясы» деректі фильмінен алынған кадр

Сол күні террористер басып алған әкімдіктер, полиция бөлімшелері, ҰҚК департаменттері және басқа да ғимараттар елдің барлық дерлік өңірінде терроризмге қарсы операцияның ұлттық күштерінің бақылауына өтті.

7 қаңтар күні азаматтардың қатысуымен бейбіт наразылық акциялары бірнеше өңірде — Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жалғасты.

Фото: «Қаңтар хронологиясы» деректі фильмінен алынған кадр

Осы күні Алматыда блокбекеттерге оқ ату, террористердің ауруханаларды басып алу әрекеттері, дүкендерді тонау оқиғалары тіркелді. Тараз және Талдықорған қалаларында тергеу изоляторларына шабуылдар жасалды.

8 қаңтарда елдегі жағдай біртіндеп тұрақтала бастады. Алматыда көшелер мен стратегиялық нысандарды тазалау жұмыстары басталды. Республиканың барлық өңірінде рұқсат етілмеген жиындар тоқтатылды.

Фото: «Қаңтар хронологиясы» деректі фильмінен алынған кадр

10 қаңтарда Қазақстанда бірнеше өңірде орын алған қайғылы оқиғалар салдарынан көптеген адам шығыны болғандықтан, Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Фото: «Қаңтар хронологиясы» деректі фильмінен алынған кадр

12 қаңтарда Мемлекет басшысы Алматыға келіп, қаланың жедел штаб отырысына қатысты. Сондай-ақ, ол қаза тапқан полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілердің туыстарымен және жақындарымен кездесіп, көңіл айтты және наградаларын табыстады.

2022 жылдың 19 қаңтарында Астана және Алматы қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында Төтенше жағдай режимі алынды. Ал 10 өңірде төтенше жағдай режимі мерзімінен бұрын, 13-16 қаңтар аралығында алынды.

Айта кетейік, Президент Қаңтардағы наразылықтар кезінде елордадағы өз резиденциясында болды және елден кету ұсынылса да, ешқайда кетпеді. Бұл туралы ол кейінірек ресейлік журналист Андрей Кондрашовқа берген сұхбатында айтты.

Парламент қабырғасында Қаңтар оқиғалары кезінде бірқатар өңірде жасалған қылмыстарды тергеу барысы туралы күштік құрылымдардың бірінші басшылары есеп берген арнайы тыңдаулар өтті. Талқылау онлайн режимде жүргізілді, оны 100-ден астам отандық және шетелдік журналистер көріп, ақпарат таратты. 2023 жылдың қаңтарында қайтадан парламенттік тыңдаулар ұйымдастырылды.

Қаңтар оқиғасында 238 адам қаза тапты (Алматыда — 151 адам, полиция мен әскерилерден — 19 адам) және 3037 адам жарақат алды. Бүліктердің экономикалық шығыны шамамен 3 миллиард АҚШ долларын құрады.

ҚР Ішкі істер министрлігі 5969 адамның ұсталғанын хабарлады, оның ішінде 133 адам ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен, ал 516 адам — әкімшілік қамауға алынды.

Тәртіпсіздіктер кезінде қылмыскерлер 7 қару-жарақ дүкенін тонаған. Террористер қолына 200 автомат, 561 тапанша, 1300 тегіс ұңғылы мылтық, 84 ойық қару, 28 гранатомет, 2 пулемет, 168 граната және 63 мың дана оқ-дәрі түскен. Бұл арсенал тұтас дивизияны бірнеше күн қамтамасыз ете алатын еді. Қазіргі уақытта ұрланған қарудың 1214 данасы қайтарылды. Жалпы ІІМ Қаңтар оқиғасы кезінде пайдаланылған 4 мыңнан астам қару-жарақтың табылғанын хабарлады. Әлі де шамамен 2 мың қару іздеуде.

ІІМ мәліметінше, жалпы 1466 ғимаратқа зақым келтірілген. Оның ішінде 71 мемлекеттік мекеме, 12 қару-жарақ дүкені және 27 полиция бөлімшесі бар. Сонымен қатар, 700-ден астам автокөлікке, оның ішінде 500-ден астам полиция, өрт сөндіру және жедел жәрдем көліктеріне зақым келген.

2022 жылдың соңына дейін 1205 сотталған азаматтың 1095-іне рақымшылық жасалды. Жаппай тәртіпсіздік жағдайында арандатушылардың ықпалына түсіп, қылмыс жасаған адамдар жазаға тартылмады. Алайда, террористік әрекеттерге, тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға, мемлекетке опасыздық жасауға және азаптау істеріне қатысты сотталғандарға амнистия қолданылмады.