Қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 111 млрд долларды құрады - Үкімет

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 111 млрд долларды құрады. Бұл туралы ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық өндірістік-көліктік және логистикалық байланыстардың бұзылуы жаһандық экономикаға кері әсерін тигізіп отыр. Көптеген елде инфляцияның рекордтық көрсеткіші қалыптасуда. Әлемдік экономика өсімі баяулап келеді. Қазақстанда қаңтар-қарашада экономиканың өсу қарқыны 2,7 пайыз деңгейінде болды. Ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік және қоймалау салалары 4 пайыздан астам өсім көрсетуде. Экономика өсімінің баяулауы мұнай және тау-кен өндірістеріндегі баяулаумен байланысты. Осы жылдың қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 34 пайызға өсіп, 111 млрд долларды құрады. Экспорт 45 пайызға, соның ішінде өңделген тауарлар экспорты 35 пайызға өсті. Оң сауда балансы 2 есеге ұлғайып, 31 млрд долларды құрады», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6,6 пайызға артты. Экономиканың негізгі салалары бойынша инвестициялар ағыны білім беру саласында, саудада, көлік және құрылыста, логистикада, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте едәуір өсті.

«Инфляция жылдық көріністе қарашада 19,6 пайызды құрады. Оның негізгі факторлары – геосаяси шиеленістің күшеюі, әлемдегі бағаның рекордтық өсуі, Ресей рублінің нығаюы, логистиканың бұзылуы және көрші елдерде кейбір тауарлардың экспортына уақытша шектеулердің енгізілуі. Үкімет инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асыруда. Оның аясында жедел және орта мерзімді іс-шаралар көзделген. Олар ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыруға, тауарларды сақтау және тасымалдау тетіктерін дамытуға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге бағытталған», — деді Әлихан Смайылов.