Қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда 64 миллион теңгеден астам соманың мемлекеттік сатып алу міндеттемесі орындалды

АСТАНА. 4 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар туралы 288 665 келісімшарт бойынша міндеттемелер орындалды.

Сатып алудың жалпы сомасы - 64 570,3 миллион теңгені құрап, ондағы қазақстандық қамтудың үлесі - 38 931,1 миллион теңгені, яғни 63,3% пайызды құрады.

Оның ішінде 37 838,3 миллион теңге сома мемлекеттік сатып алудың үлесі болса, ондағы отандық тауарлардың сатып алынған үлесі - 16 262 миллион теңге, яғни сатып алынған жалпы тауарлардың 43 пайызын қазақстандық қамту құрап отыр.

Сондай-ақ мемлекеттік сатып алудың аясында 8 529,7 миллион теңге соманың жұмыстары атқарылды, оның ішінде отандық жеткізушілер атқарған жұмыстың үлесі 6 934,9 миллион теңгені, яғни жалпы атқарылған жұмыстың 81,3 пайызын құрайды.

Мемлекеттік сатып алудың аясында көрсетілген қызметтерге келер болсақ, жалпы алғанда 18 202,3 миллион теңгенің қызметі көрсетілді, оның ішінде отындық қызмет көрсетушілердің үлесі - 15 734,2 миллион теңгені, яғни жалпы көрсеткіштің 86,4 пайызын құрады.