Қаңтар-маусым айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 40,1 пайызға өсті

АСТАНА. Тамыздың 12-cі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, 2010 жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда айналымы (Қазақстан Республикасы Кедендік бақылау комитетінің деректері, ұйымдаспаған сауда есебінсіз) 42 млрд. 539,5 млн. АҚШ долларын құрап,

2009 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 40,1 пайызға өсті. Бұның ішінде экспорт - 29 млрд. 579,8 млн. АҚШ долларын (72,2 пайыздық өсім), импорт 12 млрд. 959,7 млн. АҚШ долларын (1,8 пайызға аз) құрады.

Ал 2010 жылғы тамыздың 1-індегі мәліметке сәйкес, еліміздегі тіркелген заңды тұлғалар саны 298 мың 387 бірлікті құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2 пайызға артқан. Статистика агенттігінің таратқан мәліметтеріне қарағанда, бұның ішінде 50 адамнан кем емес қызметкерлері бар заңды тұлғалар саны 282 мың 577 бірлікті құрайды. Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалар саны 190 мың 780-ді құраса, оның 175 мың 965-і - шағын кәсіпорындар. Сонымен бірге, республикадағы шағын бизнес субъектілерінің саны (заңды тұлғалар) 215 мың 164 бірлікті құрап, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,4 пайызға артқан.