19:19, 23 Сәуір 2009
Қаңтар ? наурыз аралығында елордада қолданыстағы бағамен 22,3 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Астана қаласында қаңтар – наурыз аралығында қолданыстағы бағамен 22,3 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері, тауарлар мен қызметтері өндірілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық статистика департаментіне сілтеме жасап.
Өндіріс саласында өңдеу өнеркәсібі 8,9 пайызға төмендеп кеткен. Оның салдары машина жасау саласында 48,1 пайыз, өзге де металл емес минералды өнімдер өндірісінде 25,4 пайызға, сондай-ақ, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде 21,4 пайызға және суысындарды қоса алғанда, тамақ өнімдері өндірісінде 0,1 пайызға азайғанынан байқалып отыр. Үстіміздегі жылдың қаңтар ? науырызында қалада электр энергиясын, газ бен суды өндіру мен бөлуде өнімнің нақты көлемінің индексі 2008 жылғы осы уақытпен салыстырғанда 93,5 пайызды құрады. Өндірістің төмендеуі электр қуатын өндірудің 10,3 пайызға және жылу энергиясын бөлуді 6,8 пайызға қысқаруынан орын алды.
Ал Астанадағы бөлшек сауда тауар айналымының жалпы көлемі қаңтар мен наурыз аралығында 46,9 миллиард теңге болды. Бұл 2008 жылғы осы мерзім аралығындағы салыстырмалы бағамен есептегенде 14,3 пайызға төмен. Бөлшек сауда тауар айналымының жалпы көлеміндегі мемлекеттік сектордың үлесі 0,1 пайызды немесе ақшаға шаққанда 0,04 миллиард теңгені құрады. Көтерме сауда жүйесі арқылы 262,1 миллиард теңгенің тұтыну тауарлары мен өндірістік-техникалық сипатты өнімдер сатылды.